Алматылық жастар арасында өз аудиториясын қалыптастырған бірлестіктің негізін құраушы Арайлым Өтегенқызымен «Адырна» тілшісі тілдесті.
Бүгінде жастар арасында театрға, әдеби кештерге барып, рухани азық алу әдетке айналған. Осы тұста әдебиет әлеміне ғашық жандар тың идеяларды жүзеге асырып, түрлі әдеби кештерді де ұйымдастырып келеді. Әдебиеттегі жаңа көзқарас арқылы ғасырға жуық тарихы бар туындыларға жаңа дем беріп, көрерменнің көзайымына айналғандар да қаншама. Соның бірі – «Құс жолы» бірлестігі. – «Құс жолы» бірлестігі немен айналысады? – «Құс жолы» — өлең мен өнерге ғашық шығармашыл жастардың ортасы. 2021 жылы досым Қахар Бақытжан екеуміз әлеуметтік желілерде жанымызда жүрген ақын достарымыздың поэзиясын, жас қаламгерлердің шығармашылығын көпшілікке таныстыру мақсатында әлеуметтік желілерде бірлестік жұмысын бастадық. Содан кейін қатарымыз көбейіп, шығармашылық кештер ұйымдастыра бастадық. – «Құс жолында» болатын кештердің ерекшелігі неде? – Біздің әдеби кештердің ерекшелігі — жәй ғана өлең оқып, ән айту емес, көрерменге театрланған мюзиклді қойылым ретінде ұсынып, диалогтер арасында ән мен өлеңдерді таныстыру. Бұйырса, бесінші кешіміздің сценарийін дайындап жатырмыз.

Cымбат Наухан «Адырна» ұлттық порталы