Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министрліктің баспасөз қызметі қазіргі уақытта жағдай тұрақты екенін, алайда мамандар Қазақстанда да, әлемде де аурушаңдық деңгейіне апта сайын мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті. Аптасына республика бойынша орта есеппен 25 жағдай тіркеледі.
«2025 жылдың басынан бері елімізде коронавирус инфекциясының 329 расталған жағдайы тіркелді. Өлім жағдайлары болған жоқ. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,7 есе азайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Инфекциялық төсектердің жүктемесі – 27%, ал жансақтау бөлімінде – 2%. Қазіргі кезде коронавируспен ауырып жатқан екі науқас стационарлық ем қабылдап жатыр, екеуінің де жағдайы орташа ауырлықта.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда да, бүкіл әлемде де алғаш рет 2022 жылы анықталған «Омикрон» штамының түрлері әлі де айналымда жүр.
«Омикрон» штамы 30-дан астам мутацияны қамтиды және ауру жеңіл өтетіндігімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл штам стационарлық емдеуді қажет етпейді. Аурудың негізгі белгілері – жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы, мұрын бітелуі, тамақтың ауыруы, жөтел», – деп түсіндірді мамандар.