«140 балл алатынымды білдім». ҰБТ жеңімпазының құпиясы неде?

1707
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/5833b71d-3991-4cb9-80c0-4b207e25c938-960x500.jpeg?token=0fb85e6ec8156eaedc51fb88d864906b

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі Жәнібек Әбілхан биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғарғы – 140 балл жинаған алғашқы түлек атанды. 

Ұстаздары Жәнібек Әбілханның үздік шәкірт екенін айтып, пікір білдірді.

«Жәнібек 1 сыныптан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда білім алып келеді. Мектеп-гимназия директоры – Сәуле Исанова. Сынып жетекшісі – Гүлзира Бортай. Оқушымыз ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) информатика пәнін таңдаған. Көпбалалы отбасынан шыққан Жәнібек – ізденімпаз, білімді оқушы. Жәнібектің жетістігі – табандылық пен жүйелі дайындықтың нәтижесі», – деп пікір білдірді ұстаздары. 

Жәнібек Әбілхан - үйінің екінші баласы. Ол ҰБТ тестін аяқтамай тұрып, өзіне сенімді болғанын айтты. 

«Аяқтауды баспай тұрып, 140/140 алатынымды білдім» - дейді ол.

Үздік нәтиже көрсеткен Жәнібекпен сұхбаттасып, оның жетістікке жету жолын сұрап білдік. 

- Ең әуелі, 140 баллмен құттықтаймыз! Максималды балл жинау үшін қалай дайындалдыңыз? Қай уақыттан бастап жүйелі түрде ҰБТ-ға дайындықты бастау керек?

- 10 сынып кезінде бейінді пәндерін таңдап, ҰБТ-ға дайындығымды бастадым. Сол кезде дайындық курстарына да жазылған едім.

- Сіз үшін ⁠мектепте

қай пән ең қиыны болды және оны қалай меңгердіңіз?

- Маған гуманитар пәндер қиынға соғады. Соның ішінде Қазақстан тарихы. Тарихтан ең алғашында нәтижем төмен еді. Кітап оқып, тақырыптарды түсініп қиын пәнді оңай меңгердім. 

- ⁠Емтихан кезінде өз-өзіңді қалай ұстап, қобалжуды қалай жеңдіңіз?

- Өз мұғалімдерімнің сенімі арқасында қобалжуды жеңдім десем болады

- ⁠ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

Дайындықты ерте бастау керек. Әр істі бастамас бұрын алдыға мақсат қою қажет дейтін едім.

- ⁠140 балл алдыңыз. Енді қай жоғары оқу орнына түсу жоспарда бар? 

Таңдау пәнім - информатика-математика. Қай ЖОО түсетінімді әлі нақты таңдамадым. Бірақ Алматы немесе Астана қаласының ЖОО түсу ойымда бар. 

 - ⁠Наурыз айындағы ҰБТ-дан қанша жинап едіңіз?

- Наурызда болған ҰБТ-дан мен 133 балл жинаған едім. Енді нағыз ҰБТ 140 балл жинадым.

- Алдағы оқу жылына сәттілік!

Айта кетейік, 2025 жылғы Қазақстандағы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии