«Ұлы қаһарман». Трамп жемқорлық айыбы тағылған Израиль премьер-министрін қорғады

1767
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ucfKOcT67nKUyo56tvojbivrVPivTCtcXIHtpmw1.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты істі дереу тоқтатуға шақырды. Бұған дейін саясаткер жемқорлық ісі бойынша сотқа шақырылған болатын, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Израиль тарихында Нетаньяхудан артық, мықты әрі қабілетті күрескен ешкім болмаған. Соған қарамастан, мен қазір ғана оның ұзаққа созылған істі жалғастыру үшін сотқа шақырылғанын білдім. Нетаньяхуға қарсы сот процесі дереу тоқтатылуы керек немесе мемлекет үшін өте көп еңбек сіңірген бұл ұлы қаһарманға рақымшылық жасалуы тиіс»,—деді президент Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамптың айтуынша, оның Нетаньяхумен бірлескен жұмысы ең үйлесімді және тиімді серіктестік болған.

«АҚШ Израильді құтқарды, енді Нетаньяхуды да құтқарады», — деп толықтырды мемлекет басшысы.

Еске салайық, 2024 жылдың қараша айында Халықаралық қылмыстық сот Биньямин Нетаньяхуға қамауға алу туралы ордер берді. Сот премьер-министрді «адамзатқа қарсы қылмыстар және әскери қылмыстар» жасады деп айыптап, оның аштықты соғыс жүргізудің әдісі ретінде пайдаланғанын мәлімдеді.

Ал 2024 жылдың желтоқсанында Нетаньяху Израиль тарихында алғаш рет қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде сот алдына шыққан қызметтегі премьер-министр болды. Сол кезде оған голливудтық магнат Арнон Милченнен қымбат сыйлықтар алды деген айып тағылды.

Нетаньяхуға қатысты сот процесі 2020 жылдың мамырында басталған болатын. Алайда ол осы уақытқа дейін бірнеше рет кейінге шегерілді. Себебі премьер-министр Газа секторындағы соғыс пен Ливандағы қақтығыстарға байланысты тыңдауларды кейінге қалдыруды сұраған. Келесі сот тыңдауының нақты уақыты белгісіз. Премьер өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Комментарии
Другие материалы