Алқабилер ақтап шыққан экс-шенеунік және экс-елші Көкірекбаев ұзақ мерзімге сотталды

5129
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hiFPHUmqyBZuIucf7rT1Vjh0gTtWcUlCZZA5Cq75.webp

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды. Бұл туралы бүгін, 3 шілдеде Алматы облысы сотының баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Экс-басшыдан бөлек, оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер Андрей Поплавский кінәлі деп танылды.

Көкірекбаев пен Ахатаевқа Қылмыстық кодекстің 366-бабы (аса ірі мөлшерде пара алу), ал Поплавскийға 195 және 367-баптары (аса ірі мөлшерде пара беру, сондай-ақ ұрлау мақсатынсыз мүліктік залал келтіру) бойынша айып тағылды.

«Тергеу мәліметтері бойынша Көкірекбаев пен Ахатаев лауазымды тұлғалар бола отырып, мердігер ұйымның директоры Поплавскиймен сөз байласып, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін аса ірі көлемде пара алған. Сондай-ақ Поплавский шын мәнінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырған»,—делінген хабарламада.

Бұл әрекеттердің салдарынан мемлекетке 2 миллиард теңгеге жуық шығын келген.

Сот үкімімен Көкірекбаев 12 жылға, Ахатаев пен Поплавский 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев 2022 жылы ұсталған болатын.  2023 жылғы 24 мамырда Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазселденқорғаудың» бір емес, бірнеше басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы хабарлаған. Сол кезде олардың кәсіпкерлерден орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін жалпы сомасы 396 млн теңгеге ірі және аса ірі көлемде пара алғаны айтылған.

Кейін Кәрім Көкірекбаев сотта ақталып шыққан. Алайда 2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысына қатысты ақтау үкімінің күшін жойып, қылмыстық іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілген. Ал Көкірекбаев сот залында қамауға алынған.

Айта кетейік, ол 2019 жылы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып тағайындалған. Бұдан бөлек, 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2013-2018 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі лауазымдарын атқарған.

 

 

Комментарии
Другие материалы