Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға қарсы шыққан бес белсендіге әрқайсысына 4 жылға еркіндігін шектеу жазасын тағайындады. Прокурор айыпталушыларға 5 жылға түрме жазасын сұраған болатын, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Orda.kz сайтына сілтеп.
Баспасөзде Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраков үлкен бұзақылық ұйымдастыруға әрекет жасады деген айып тағылғаны еске салынды.
Тергеу нұсқасы бойынша, белсенділер билікке қарсылық көрсетіп, күш қолдану, өрт қою, мүлік жою, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды пайдалану арқылы тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеген.
Айыпталушылар – зейнет жасына жақындаған және зейнеткерлік жасындағы ер адамдар прокурордың айыптауымен келіспеді. Олар тек АЭС құрылысына қарсы шыққанын растады, бірақ бұзақылық ұйымдастыруды жоққа шығарды. Кейбір белсенділерді азаматтық ұстанымдары үшін қудалап жатқанына күмәнданды. Адвокаттар күштік құрылымдардың айыптауға нақты дәлелдері жоқ екенін қорғау негізі етті.
Сот төрешісі Ернар Қасымбеков әр бір айыпталушыны 4 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесті. Үкім оқылған соң сот залындағылар қошемет көрсетті, деп толықтырды БАҚ.
2024 жылғы 6 қазанда АЭС құрылысына қатысты референдум алдында Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл, Орал және Шымкент қалалары әкімдіктері атом электр станциясына қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Дегенмен азаматтар акциялар өткізіп, оларда жаппай ұстау жағдайлары орын алды. Мысалы, Алматыда 10-нан астам адам полицияға жеткізілді, олардың бесеуі қылмыстық іс материалдарына іліккен.
2023 жылғы 7 қазанда Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы елдегі дауыс бергендердің 71%-нан астамы АЭС құрылысы идеясын қолдағанын хабарлады.