Арыста дәрігердің оянғанын күтіп, комаға түскен 4 жасар бала қайтыс болды

1048
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uX1SamgchelE0swyxV1qaLqE1oZGJzbHajVnBVPg.jpg

Түркістан облысы Арыс қаласында төрт жасар Әлирахман Сейітхан дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды. “Баламның іші ауырып 6 сағат дәрігерді ұйқысынан оята алмадық” деген арыстық ата-ана баласын бүгін жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды “Адырна”.

Марқұмның анасы Ұлжалғас Жүзейдің сөзінше, оқиға өткен аптада болған. Сағат үш шамасында ұлының денесі құрысып, қызуы қатты көтерілген соң анасы жедел жәрдем шақырған. Баланы ауруханаға жеткізген кезде оларды тек медбике қабылдаған, ал кезекші дәрігер ұйықтап жатқан.

«Баламның іші ауырып, жағдайы нашарлады. Дәрігерді алты сағат бойы оята алмадық. Тек таңғы тоғызда ауысымдағы дәрігер келгенде ғана қарады. Бірақ сол кезде балам ес-түссіз болды», — дейді Ұлжалғас Жүзей.

Ата-ананың айтуынша, ауруханада баланың нақты диагнозын қою үшін қажетті компьютерлік томография немесе МРТ аппараты болмаған. Мұндай құрылғылар тек облыстық деңгейдегі емдеу мекемесінде бар екен. Бірақ дәрігерлер баланы облыс орталығына жеткізудің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмаған.

Бала тек таңертең дәрігер қарауына түскен соң жансақтау бөліміне ауыстырылған. Алайда көрсетілген ем нәтиже бермей, төрт жасар Әлирахман Сейітхан көз жұмды.

Бала ата-анасы алғашқы көмек көрсетілмеді және кезекші дәрігер қызметіне немқұрайлы қарады деп есептеп, құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Қазіргі таңда оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Дегенмен, құқық қорғау органдары әзірге істің нақты мән-жайы туралы ресми мәлімет бермеген.

Комментарии
Другие материалы