Білімпаз балаларға — жаңа энциклопедия

235
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qEIDBMpmItJaRA2J3dfDWryi7Z8KcWFBo7v8wZpJ.jpg

Балаларға арналған кітаптар қатары тағы бір энциклопедиямен толықты.

Алматы қаласындағы А. П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Атамұра» корпорациясының жаңа басылымы – «Мифтер мен аңыздар туралы энциклопедияның» көпшілікке арналған таныстырылымы өтті. Іс-шараға жазушы, мәдениеттанушы, мифолог Зира Наурызбай арнайы қатысып, жеткіншек оқырмандарға жаңа кітаптың ерекшелігін мифология ғылымы тұрғысынан әңгімелеп берді.

«Мифтер мен аңыздар туралы энциклопедия» – «Атамұра» баспасы балаларға арнап шығарып келе жатқан кітаптар сериясының кезекті өнімі. Көлемді танымдық басылымда әлем халықтарының мифтері мен қиял-ғажайып кейіпкерлері туралы аңыздар жинақталған. Тілі жеңіл, түсінікті, әдемі безендірілген кітап мифология әлемін балалардың жас ерекшелігіне сай тартымды әрі түсінікті түрде баяндайды. Әсем иллюстрациялар мен қызықты оқиғалар баланың ой-өрісін кеңейтіп, қиял әлеміне еркін саяхат жасауға шақырады.

Кітап таныстырылымын жүргізген «Атамұра» корпорациясының вице-президенті Рахима Құл-Мұхаммед балаларды мифтер әлеміне саяхат жасауға шақырып, иллюзионистке кезек берді. Балаларға жақсы таныс ертегілер кейіпкерлерін бейнелейтін қызықты көріністер мен сиқыр өнері кішкентай оқырмандардың көңілін көтеріп, білім әлеміне кіріспе іспетті болды.

Кітап таныстырылымына арнайы шақырылған жазушы әрі мифолог ғалым Зира Наурызбай балаларға мифтік ойлау жүйесі, оның адам өміріндегі рөлі туралы әңгімеледі.

– Көне заманда ғылым салалары қазіргідей жеке-жеке емес, біртұтас болды. Миф – дүниенің жаратылуы, табиғат құбылыстары туралы аңыз-әңгімелер. Мифтер мен аңыздар өткен замандағы адамдардың көзқарасын, дүниетанымын білдіреді. Әлем халықтары мифтерінің өзіне тән кейіпкерлері болса, біздің ата-бабаларымыздан жеткен мифтердің де өз кейіпкері бар. Мысалы, қазақ халқының шығу тегі туралы аңыз-әңгімелер елді біріктіру, бірін-бірі қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Көнеден жеткен аңыздарда қанатты пырақ, айдаһар, Қорқыт ата, Қыдыр ата, Ұмай ана, жалмауыз, жезтырнақ, пері, дию сияқты түрлі мифологиялық қаһармандар бар, – дей келе, Зира Наурызбай балаларға қызықты аңыздарды мысалға келтірді.

Ғалымның айтуынша, қазір әлемдік кино саласында мифтерге қызығушылық өте жоғары. Әйгілі «Һәрри Поттер» кітабының авторы Жоан Роулинг те мифтерді пайдаланған. Кейін бұл кітап негізінде фильм түсірілгені белгілі.

– Қазақ режиссерлері де түркі халықтарының және қазақтардың мифтік бейнелерін әлемге танытып, көркем фильмдер түсіргісі келеді. Өйткені мифологияға негізделген кинолар өте тартымды және көрермені көп. Сондықтан да мифология туралы кітаптарды көп оқу керек, зерттеу керек. Сендер келешекте үлкен жазушы, атақты режиссер болуларың мүмкін. Қазірден осындай кітапты көп оқысаңдар, білімдерің мол болады, – деп Зира апай кішкентай жеткіншектерді кітап пен өнер әлеміне жетелейтін әңгімесін түйіндеді.

Айта кетерлігі, Зира Наурызбай – мифология тақырыбындағы көптеген кітаптардың авторы, жазушы, олардың ішінде «Бату және оның достары» атты балаларға арналған кітап та бар.

Бұдан кейін «Мифтер мен аңыздар туралы энциклопедияны» ағылшын тілінен аударған Жанар Құл-Мұхаммед жас оқырмандарға кітаптың ерекшелігі жөнінде айтты.

– Бұл энциклопедияны мен өздерің сияқты кішкентай балаларым да оқысын деп аудардым. Ол баланың қиялын дамытып, оқуға қызықтырады. Мұнда жас оқырмандар әлем халықтарының ежелгі хикаялары, оның ішінде айдаһар, феникс құсы, Пегас және басқа жаратылыстар, мұхитқа қатысты аңыздар, миф кейіпкерлері және аңызға айналған әңгімелермен танысады. Ежелгі өркениеттердің қаһарман батырлары мен олардың шайқасы туралы біледі, табиғат құбылыстары мен тылсым күштер туралы білім алады. Бұл кітап білімпаз балаларға арналған, сондықтан суреттермен безендіріп, ерекше етіп шығардық, – деді Жанар Мұхтарқызы.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін Зира Наурызбай, «Атамұра» корпорациясының вице-президенті Рахима Құл-Мұхаммед және А. П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана директорының кеңесшісі Бақытжамал Оспанова жасады.

Алматыдағы №206 мектептің 2–3 сынып оқушыларын бастап келген сынып жетекшісі Нәзигүл Мергенбаева өз сөзінде оқырман азайған қазіргі уақытта кішкентай балаларды оқуға қызықтырып, сапалы да пайдалы кітаптар шығарып жүрген «Атамұра» баспасына алғысын жеткізді. «Кітап адамның жанын байытады. Біздің мақсатымыз – кітап оқитын балалардың қатарын көбейту. Сыныбымызда кітапқұмар балалар бар, сондықтан осындай іс-шаралардан қалмауға тырысамыз», – деді Н. Мергенбаева.

Бұдан кейін Рахима Абрарқызы жас оқырмандарды баспаның жаңа кітаптарымен таныстырды. Мысалы, «Білімдар» сериясымен шыққан жануарлар дүниесі, аспан әлемі, суперқаһармандар, ағылшын тілін үйрететін басылымдардың бәрі заманауи дизайнымен, айрықша сапасымен, тартымды мазмұнымен ерекшеленеді. Бұл кітаптардың оқуға құмар жеткіншектерге берері мол. Қысқасы, оқитын бала болса – лайықты кітап өте көп.

Сөзінің соңында «Атамұра» корпорациясының вице-президенті Рахима Құл-Мұхаммед осы кітаптардың кез келгенін оқып, мазмұнын айта білетін жас оқырмандарға кітап сыйлайтындарын мәлім етті. Жаңа энциклопедияның бірнеше данасы таныстырылымға келген оқырмандарға тарту етілді.


 

Комментарии
Другие материалы