Баимск жобасынан да Назарбаевтың құлағы көрінеді

426
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6Noy8yRHfSVDwDhzodkrhys0aZu6PbUk4gOeSTOj.jpg

БАҚ Баимск жобасының KAZ Minerals акционері Владимир Киммен байланысын анықтады. Санкциялар енгізілгеннен кейін активтер жабық қорға берілгенімен, басқарушылар бұрынғы күйінде қалған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

«Система» зерттеушілері Ресей арктикасындағы ең ірі жеке жобаның Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдармен байланысы бар екенін мәлімдеді. Әңгіме құны 1,1 трлн рубльді (7,33 трлн теңге) құрайтын Чукоткадағы Баимск тау-кен байыту комбинаты туралы болып отыр. Құрылыс 46 нысанды қамтиды, олардың қатарында жағалаудағы қалқымалы атом станциясы, жаңа порт және 400 шақырым жол бар. Жоспар бойынша бұл жоба Ресейдегі мыс өндіру көлемін 25 пайызға, ал алтын өндіруді 4 пайызға арттыруы тиіс.

«2018 жылға дейін жоба Роман Абрамович пен оның серіктестеріне тиесілі болған. Кейін оны қазақстандық KAZ Minerals сатып алды. Алайда 2022 жылы басталған соғыс пен АҚШ санкцияларынан кейін жоба жабық фондқа өткізіліп, нақты иелері көрсетілмеген»,- делінген хабарламада.

Зерттеушілердің мәліметінше, жоба әлі де KAZ Minerals компаниясының негізгі акционері Владимир Киммен байланысты. Оны бірнеше рет Қазақстанның тұңғыш президентінің сенімді адамы әрі «әмияны» деп атаған. Материалдарда Кимнің 2005 жылы Назарбаевтың сайлауалды штабында қызмет еткені және отбасы қорларын қаржыландырғаны туралы болжамдар келтіріледі. Журналистердің айтуынша, Кимге жақын компаниялар тіпті Назарбаев үшін ұшақтар сатып алған болуы мүмкін. Алайда аталған ұйымдар бұл деректерді жоққа шығарған.

Баимск жобасы менеджерлерінің өмірбаяндары да Киммен байланысты көрсетеді. 2024 жылы холдингті Қазақстан азаматшасы Елена Раскошная басқарды. Ол бұған дейін «2Ком», «Цифра Один» және «Сетел» компаниялары басшыларының орынбасары болған. Бұл компаниялардың барлығы «Алмател» тобына кірген, ал оның иесі ретінде Владимир Ким аталып келген.

Жобаны басқаратын компанияның бас директоры қызметінде Георгий Фотин қалып отыр. Ол бұған дейін Мәскеудегі «Каз Минералз» ЖШҚ-ны басқарған. Сондай-ақ ол ГОК құрылысын жүзеге асырған «Вега Развитие» компаниясын да басқарады. Компания Дубайда тіркелген Nord Rim DMCC-ге тиесілі, ал журналистер оны Кимнің банкімен байланысты құрылымдардың қатарына жатқызады.

Жоба Ресей билігінен бірқатар ерекше жеңілдік алған. Алғашқы бес жыл бойы мүлік, пайда және жер салығы нөлге тең болып бекітілген.

2022 жылдан кейін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев саясаттан кеткендей көрінгенімен, ол Ресей президентімен жиі кездесіп тұрады. Соңғы кездесу 2025 жылдың мамырында Кремльде өткен. Экс-президенттің өкілдері бұл кездесудің бейресми сипатта болғанын және «көпжылдық достық қарым-қатынасқа негізделгенін» мәлімдеген.

Бұл байланыстар “Система” зерттеуінше, ресейлік стратегиялық жобалардың артында Назарбаевқа жақын топтардың болуы мүмкін деген күдікті күшейтеді.

Айта кетейік, «KAZ Minerals» және «Қазақмыс» компаниялары Владимир Кимнің бақылауында. Ол «KAZ Minerals»акцияларының 63,5 пайызына және «Қазақмыс» акцияларының 70 пайызына иелік етеді. Екі холдингтің де табысы жоғары деңгейде қалып отыр. Тек 2023 жылдың қорытындысы бойынша KAZ Minerals Limited құрылымдарының бірі 2,15 млрд доллардан астам пайда тапқан. Бұған қарамастан, компания өндірістік апаттардан зардап шегуді жалғастырып келеді: 2024 жылдың тамыз айының соңында және қыркүйектің басында KAZ Minerals шахталарында бес адам қаза тапқан болатын.

 

 

 

 

Комментарии
Другие материалы