400 мың параға – 11 млн айыппұл. "Жемқор" деген шенеунік осылай құтылды

547
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Mo87nTVizJRJObIj0QdWuwFbc5E368uW6hspTtw9.webp

Хромтау қаласының бұрынғы әкімі Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл арқалады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Диапазонға» сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, шенеунік мемлекеттік сатып алу аясында орындалған жұмыстарды еш кедергісіз қабылдағаны үшін мердігерден 400 мың теңге көлемінде пара алған. Параны беру кезінде делдал ретінде әкімнің танысы Нұрбек Қазбек әрекет еткен. Ол мердігермен келіссөз жүргізген. Нұрбек Қазбекке пара талап ету дерегі бойынша да айып тағылған, алайда бұл эпизод бойынша мердігер тарапынан кешірім жасалған.

Екі айыпталушы да кінәларын толық мойындады. Іс қысқартылған тәртіппен қаралған.

Хромтау қаласының бұрынғы әкімі Сағындық Шабықбаевқа алған парасының 30 еселенген мөлшерінде, яғни 12 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Қамауда болған уақыты есепке алынып, айыппұлдың түпкілікті сомасы 11 355 151 теңгені құрады. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот органдарында және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Нұрбек Қазбек те кінәлі деп танылып, оған да параның 30 еселенген мөлшерінде – 12 миллион теңге айыппұл салынды. Қамауда болған уақыты (660 576 теңге) есепке алынып, айыппұлдың түпкілікті сомасы 11 339 424 теңгені құрады.

Айта кетейік, енді Хромтау қаласында әкімді қайта сайлау өтеді. Дауыс беру 11 қаңтарға белгіленген.

40 жастағы Сағындық Шабықбаев Хромтау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Еңбек жолын облыстық ХҚКО филиалында инспектор болып бастаған. Кейін Әйтеке би ауданы, Хромтау ауданы және Хромтау қаласы әкімдіктерінің аппараттарында қызмет атқарған. 2018 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Хромтау әкімінің орынбасары болған. 2025 жылдың қарашасында ол пара алды деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынған. 11 желтоқсанда бұл іс бойынша сот процесі басталған.

Комментарии
Другие материалы