Сәулетшілер Алматының тарихи келбетін қалай сақтап қалмақ?

173
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NAtQtiWkHwhsjjkimBp40p36EjbXEdhMEgZrAsJh.jpg

Almaty TV телеарнасы урбанистика, жайлы орта қалыптастыру және Алматының сәулет мұрасын сақтау мәселелеріне арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық «Архитектор» бағдарламасын ұсынады. Бағдарламаға шақырылған сарапшылар мен сәулетшілер қаланы жаңғырту үдерістері қалай жүзеге асатынын, мамандар қандай қиындықтарға тап болатынын және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын қарапайым әрі түсінікті тілмен айтып береді.

Алматыдағы тарихи ғимараттарды қайта жаңарту мәселесі әрдайым қоғамда түрлі пікір тудырады. Бірі қаланың келбеті бұзылады деп алаңдаса, енді бірі жаңғыртусыз бұл нысандар қауіпті бола түсетінін алға тартады. «Архитектор» жобасы сырттай сәнді көрінетін ғимараттардың өзінде күрделі инженерлік мәселелер жасырын болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Бағдарламадағы алғашқы нысан мемлекет қорғауына алынған тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген Қазақ мемлекеттік циркі болды. Ғимарат 1962–1972 жылдары салынған, 2160 көрерменге арналған. Мұнда соңғы күрделі жөндеу жұмыстары он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.

Цирк директоры Мақсат Жайықовтың айтуынша, ғимаратқа жай жөндеу емес, кешенді жаңғырту қажет. Оның сөзінше, ескірген инженерлік жүйелер мен жылу шығынының көп болуы, әсіресе, балалар үшін қолайсыздық туғызады.

Алматы қаласы Құрылыс басқармасы жүргізген тексеру барысында инженерлік желілерде, шатыр мен құрылымдарда ақау анықталған. Бұл қайта жаңғыртудың қажет екеніне дәлел. Сонымен қатар цирктің тарихи келбеті толық сақталады: қасбет, сәндік элементтер және фойедегі түпнұсқа еден жабындысын қоса алғанда, бірегей материалдар өзгеріссіз қалады. Жұмыстар тек инженерлік коммуникацияларды, терезелерді, есіктерді және шатырды жаңартумен шектеледі.

«Архитектор» жобасында білім беру нысандарының жағдайы да қозғалады. Атап айтқанда, салынғанына 100 жылдан асқан №90 мектеп-лицейі апатты деп танылған. Ғимарат шамадан тыс жүктелген, кейбір құрылымдары оқушыларға қауіп төндіреді.

«Балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Ғимарат әлдеқашан күрделі жаңартуды қажет етіп отыр», деді мектеп директоры Бүлбүл Оспанбек.

«Техникалық тексерістің қорытындысы бойынша көтергіш құрылымдарды сейсмонығайту, инженерлік инфрақұрылымды ауыстыру, санитарлық талаптарды ескере отырып, ғимарат ішін қайта жоспарлау, өрт қауіпсіздігін күшейтуге арналған қосымша шаралар қабылдау, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары қарастырылған», деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының жобалау және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сырым Тұрлыби.

Сейсмонығайту жұмыстары №56 гимназияда да жүргізіліп жатыр. Қоғамдық резонансқа қарамастан, мамандар барлық сәндік элементтер қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеді.

Мектептің негізгі корпусы 1928 жылы салынған, қалған корпустары 1960-жылдары бой көтерген. Алғашында ғимарат 731 оқушыға есептелсе, бүгінде мұнда 1394 бала білім алуда. Бұл нысан тарихи ескерткіштер қатарына кірмейді.

Алматы қаласы әкімдігінде атап өткендей,  барлық қайта жаңғырту жұмыстары 2040 жылға дейінгі қаланың Бас жоспарына сәйкес жүргізіледі және қатаң бақылауда болады.

«Ғимараттар жобада көзделген күйінде қалпына келтіріледі. Жұмыстар аяқталған соң алаңдаушылық білдіргендер күмәннің орынсыз екеніне көз жеткізеді», — деді елдің құрметті сәулетшісі Жанат Айтілеу.

Оның айтуынша, мегаполисте тарих және мәдениет ескерткіштері саналатын 162 нысан бар. Оның 34-і республикалық маңызға ие, қалғандары  жергілікті маңыздағы нысандар. XIX–XX ғасырларда салынған кейбір ғимараттар уақыт өте келе тозып, қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бұл нысандар мемлекет қорғауында, ал жөндеу жұмыстары барысында олардың тарихи келбеті толық сақталады.

«Архитектор» жобасы қаланың дамуы мен тарихи келбетін сақтау бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Ең бастысы, кәсіби көзқарас, тұрғындармен ашық диалог және қауіпсіздікті бірінші орынға қою маңызды.

Комментарии
Другие материалы