Қазақстан Пәкістанға 600 электроавтобус жеткізеді

318
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/N1Ha38NcWbyabFaKAzcr0qZZCYXs3o6QD2z1dgwH.jpg

Қазақстандық Falcon EuroBus компаниясы Пәкістанға 600 дана электравтобусын жеткізбек. Бұл туралы Исламабадта өтіп жатқан «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумында екі елдің бизнес тараптары келісімге келді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Автобустардың алғашқы жеткізілімі биыл сәуірде басталады. Коммерциялық келісімнің құны 108 млн АҚШ долларын құрайды. 2027-2028 жылға қарай компания Пәкістан автобус экспортын 2000 данаға жеткізуге ниетті.

2018 жылы Алматы қаласында құрылған кәсіпорын бүгінде еуропалық стандартқа сай автобустардың кең түрін шығарады. Жылына 1500 дана автобус шығаратын кәсіпорын биыл өндіріс қуатын 3000 данаға жеткізуді көздеп отыр. Өйткені қазақстандық электроавтобусына көршілес Өзбекстан, Маңғолия, Пәкістанда ғана емес, еуропа елдерінен де сұраныс жоғары.

«Біз барлық циклдегі автобустарды шығарамыз. Бүгінгі «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумы аясында біз үшін үлкен нарықтың есігі ашылды. Қазіргі келісім бойынша жолаушылар тасымалына арналған 600 электр автобусын жеткіземіз. B2B кездесуде Пәкістанның білім министрігінің өкілдерімен кездесіп, алдағы уақытта оқушылар тасымалына арналған 2000 дана автобус жеткізуге келісіп отырмыз», - деді Falcon EuroBus директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділханов.

Бизнес форум қорытындысы бойынша Falcon EuroBus пен транспорт саласына маманданған пәкістандық «OGCC International» компаниялары арасында коммерциялық құжатқа қол қойылмақ. Айта кету керек, «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып жатыр.

Комментарии
Другие материалы