Алматы автобустарын кім жүргізеді? Әкімшілік іс қозғалды

196
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PbM1hg9M0SKWNBxZau6g7L6cQ3YPvfNDVPEWbR2o.jpg

Алматы қаласының Жетісу ауданында жүргізілген тексеріс барысында автобус парктерінде бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, кейбір автопарктерде жолаушылар тасымалымен тиісті D санатындағы жүргізуші куәлігі жоқ, көлік жүргізу құқығынан айырылған немесе медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар айналысқан. Нәтижесінде 34 жүргізуші қызметінен шеттетіліп, олармен еңбек шарттары бұзылған.

Сонымен қатар, прокуратура автопарк қызметкерлерінің арасында наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған тұлғалардың жүргізуші куәліктерін жарамсыз деп тану мәселесін сот арқылы қарауды жоспарлап отыр.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 15-тен астам автопаркқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, төрт лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура өкілдері мұндай заңбұзушылықтар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіргенін атап өтті. Қазіргі уақытта жүргізушілерді бақылау тетіктерін күшейту, соның ішінде цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу бағытында шаралар қабылданып жатыр.

Қадағалау органы профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, саладағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Комментарии
Другие материалы