Үндістанда Қазақстаннан белгі тағылған құс өлі табылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AIPYmwwYfnOUFMWRrU3vGBCjwqSQMpPfTnyXZfCb.webp

Қазақстанда белгі тағылған алғашқы қара құмай Үндістанда өлі табылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мәліметке сәйкес, жыртқыш құстардың көші-қон бағыттарын бақылауға арналған халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда белгі тағылған жас қара құмай қысқы маусымда Үндістанның Раджастхан штатына ұшып барған. Құс Джодхпур қаласына қарасты Джудия ауылында жоспарлы далалық тексеру кезінде өлі күйінде табылған.

Қара құмайға спутниктік маяк 2024 жылғы 24 шілдеде орнатылған. Бұл құрылғы Орталық Азия мен Үнді субконтиненті арасындағы алыс көші-қон бағыттарын бақылау мақсатында тағылған. Құс осы бағыт бойынша екі рет ұшып барып, қайта оралған. Алайда үшінші қысқы сапары кезінде қаза тапқан.

Табиғатты қорғаушылардың алдын ала болжамынша, жыртқыш құс ауыл шаруашылығы жануарының өлексесін жеп, уланып өлген болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, малға өлер алдында тыйым салынған ветеринарлық ауырсынуды басатын дәрі салынған болуы ықтимал. Мұндай препараттар Оңтүстік Азияда құмайлардың жаппай қырылуына себеп болатын негізгі қауіптердің бірі саналады.

Тексеру барысында табиғат қорғаушылары құстың жеке басын растайтын сәйкестендіру сақинасын тапқан. Алайда спутниктік маяк табылмаған. Мамандардың айтуынша, құс шамамен бір апта бұрын өлген болуы мүмкін, ал оның денесі қатты ыдырап кеткен. Қалдықтарының басым бөлігін жабайы жануарлар жеп қойған.

Комментарии
Другие материалы