Түркістан облысы аумағында кезекті «Балуан тас сапары» экспедициясы басталады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/p9NlCnFOD0hgOteBmIsB9nC3nFHNcvq7XbOop7BM.jpg

18–21 наурыз аралығында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған ірі мәдени-танымдық жоба – «Қазақ күшінің картасы» аясында «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы өтеді.

Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші, Абылайхан Қалназаров. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр.

Экспедиция маршруты: Сапар бағыты қазақ өркениетінің тарихи және сакральды кеңістігін қамтиды: Шымкент қаласы – Сайрам ауданы – Ордабасы ауданы – Отырар ауданы – Бәйдібек ауданы – Созақ ауданы – Сауран ауданы – Түркістан қаласы. 

Экспедиция бағдарламасы:

13 тарихи балуан тас нысанын зерттеу. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі күш мәдениетінің айрықша мұрасы – атақты батыр-палуандар көтерген балуан тастарды көзбен көріп, олардың тарихи-аңыздық, мәдени мәнін зерделейді.

Түркістан қаласында өтетін Көкпардан әлемдік чемпионатты тамашалау. Бағдарламада ұлттық ат спорты арқылы күш мәдениетінің динамикалық формасын таныту көзделген.

Облыстың өндірістік және экономикалық орталықтарын аралау.

Киелі орындарға зиярат: Экспедиция аясында өңірдегі маңызды сакральды нысандар қамтылады:

- Ибрагим ата кесенесі

- Қарашаш ана кесенесі

- Бибіғияс ана кесенесі

- Салық қожа кесенесі

- Бәйдібек ата кесенесі

- Домалақ ана кесенесі

- Ысқақ баб кесенесі

- Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі

- Жылаған ата

- Ақмешіт әулие үңгірі

- Арыстанбаб кесенесі

- Қожа АхметЯсауи кесенесі

Тарихи нысандарды аралау: Отырар қалашығының көне орны және басқа да өңір музейлері

Көне күштік рәсімді жаңғырту: Экспедиция барысында Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында көне күш рәсімдерінің бірі қайта жаңғыртылып, мәдени реконструкция жасалады.

Қатысушылар құрамы: Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері қатысады. Оның құрамында белгілі журналистер мен блогерлер, ғалымдар, спортшылар бар. Бұл – жобаның ғылыми нәтижелерін қоғамға кеңінен жеткізуге бағытталған маңызды медиялық қадам.

Айта кетейік, «Қазақ күшінің картасы» жобасының тұсауы былтыр наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылып отыр.

Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.

Ұйымдастырушы: «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы. Топ жетекшісі «Baluan tas» академиясының президенті Абылайхан Қалназаров.

Комментарии
Другие материалы