«Бәрін де бұзып кетті Құсмілия кеп...» Ораза қалжыңдары

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7LhWC19qYgdfV4aGtCeCnVYQLLYiYNYDhcNKxy5Z.png

Фото: ЖИ-мен жасалды

Мақсұтхан Жақып жинақтаған және түрік тілінен аударған Ораза қатысты әзіл-сықақтар топтамасын ұсынамыз.

ҰЛЫҚБЕКТІҢ ОРАЗАСЫ

Ақын Ұлықбек Есдәулет бір жылдары ел қатарлы ораза ұстап жүргенде іссапармен Семейге барады.

Семей жақта ақынды от ауыз, орақ тілді аға досы, әйгілі әнші Құсмілия Нұрқасым қарсы алып, ел танытып, жер көрсетіп дегендей, бірнеше күн қасында бірге еріп жүреді.

«Ұлықбек келді» дегенді естіп, ақынды Шәкәрім атындағы Семей университеті қонаққа шақырады. Студенттермен кездесу кезінде бір жас қыз:

– Ағай, қазір қасиетті рамазан айы ғой, сіз ораза ұстадыңыз ба? - деп сұрақ қойыпты.

Сонда Ұлықбек:

 Оразаны ұстап жүр ем «бісіміллә» деп,

Бәрін де бұзып кетті Құсмілия кеп, - деп жауап берген екен.

ҚАДЫРДЫҢ ОРАЗАСЫ

Қадеке, ораза ұстап жүрсіз бе?

Сен өзің ше?

Ұстап жүрмін. Бүгін жетінші күн.

Ендеше, менің ораза ұстағаныма жетінші жыл!.. – дейді Қадыр Мырзалиев ауыр өткен соңғы алты-жеті жылды есіне алып.

«БҰЗЫЛАТЫН ОРАЗА БҰЗЫЛДЫ»

Оразада шөл қысып, өзін-өзі алдандыру үшін қырға шыққан Бекташтық қас қылғандай, сылдыраған бұлаққа тап болыпты. Төзімі таусылған ол жата қалып сораптап жатса, мұны көріп қалған біреу:

– Құдай сақтасын, не істедің? Ораза бұзылды ғой, - дейді.
Бекташы екі езуінен су сорғалаған күйі:

– Бұзылатын ораза бұзылды, бірақ пақырға да жан кірді! - деген екен.

«ЕНДI ЕСIГIҢДI ҚАҚПАЙМЫН»

Ораза айында бүкiл тiлектердiң қабыл болатынын естiген Бекташтық көп жылдар қайтара алмаған қарызын ойлап, мешітте қол жайып дұға қылыпты:

 – Е, Құдайым! Маған әрі қарыздан құтылатын, әрі бүкіл өміріме жететін ақша тауып берші, сонда сені мыналар сияқты күніне бес рет мазаламаймын. Сөз берейiн, бұдан соң есiгiңдi бiр рет те қақпай-мын.

«СІЗДІҢ СҰРАЙ АЛАТЫНЫҢЫЗ – ТЕК ДҮКЕН ҚАРЫЗЫ»

Рамазан айының бір күні Қожа Рағип Паша:

 Хашмет, сенің қарызың бар ма?

Бар, әпендім.

Қанша қарызсың?

 Біздің махалланың дүкеніне мың теңгедей қарызбын...

 Дүкенге беретін қарызыңды сұрап тұрған жоқпын деп ғой, ораза қарызын айтып тұрмын,- деп ашуланады Қожа Рағип Паша.

Ораза қарызым ба? - деп Хашмет сасқалақтап қайтерін білмей өз-өзіне келген соң. Ораза борышын Аллаһ сұрар, әпендім. Сіздің сұрай алатыныңыз – тек дүкен қарызы.

«ХАЙУАНДАР ОРАЗА ҰСТАМАЙДЫ»

Назым Хикмет пен Нежіп Фазыл Қысакүрек рамазан айында машинамен келе жатады. Әрине, Нежіп Фазылдың ауызы берік, ал Назым Хикмет ауыз бекітпеген. Назым Хикмет Нежіп Фазылмен қалжыңдаспақ болып жолдың шетіндегі арық бір сиырды Нежіп Фазылға нұсқай көрсетіп:

– Ананың арықтығына қара, ораза ұстаймын деп қандай хәлге түскенін, - депті.

Ақындардың сұлтаны Нежіп Фазыл да қарап қалмастан:

– A, Назым, хайуандардың ораза ұстамайтынын білмейтін бе едің? - деп дереу қарымта қайтарыпты.

«ТАЯҚ ЖЕСЕМ, ОРАЗАМ БҰЗЫЛАДЫ»

Қожанасыр медреседе оқып жүрген кезінде, тынымсыз да тентек болыпты. Ораза айының бір күні сабақ үстінде тыныш отырмаған соң молла ашуланып, қолына таяқты ала салып:

– Ей, тыныш отырасың ба, жоқ, таяқ жейсің бе? - деп зекіпті.

Сонда Қожанасыр:

– Тақсыр, тыныш отырайын, егер таяқ жесем, оразам бұзылады, Құдай алдында тағы күнəлы боламыз ғой, – депті.

ҚОЖАНАСЫРДЫҢ ҚУЛЫҒЫ

Қожанасыр бұрын ораза ұстамаған кісі екен.  «Пайғамбар  жасына  келіп  қалдың,  енді  ораза мезгілі жетті», - деп, әйелі мазалай берген соң, Қожанасыр келісіп, ораза ұстапты.  Бірақ қарны ашқан соң, Қожа күннің көзінің  ауыл  сыртындағы  тауға  жетіп  жасырынуын  шыдамсыздана  күтетін болыпты.

Шыдамы таусылған Қожекең  бір  күні  «ақыл  таптым»  деп, үйін  жығып  есегіне  арта  бастапты.  Әйелі  аң-таң болып: «Бұның не?» - деп Қожакеңнің бірдемені бүлдіретінін сезіп, безек қағады. Қожанасыр: «Үндеме, ақыл таптым, ораза біткенше күннің қысқа жеріне барып отырамыз», - деп, таудың  нақ  шығыс  жағындағы  бір  шұңқырға апарып үйін тігіпті. Бұл жерден күннің көзі түс ауса-ақ  тауға  жасырынып,  қара  көлеңке  тартып кетеді екен.

Қожекең күннің қара көлеңке болуын  аңдып  тұрады  да,  күннің  көзі таудан  асысымен: «Қатын, күн батты, ас әкел!» - деп, аузын аша беретін болыпты.

АЛЛАНЫҢ ҚАРЫЗЫ ЖӘНЕ ПЕНДЕНІҢ ҚАРЫЗЫ

Қожанасыр бірде кездері зәйтүн сатпақ болыпты. Бір себет зәйтүн алып базарға шығып тұрса, бір қатын жақындап келіпті де зейтүннің бағасын сұрап білген соң тым қымбат екенін айтыпты.

Сонда Қожанасыр бір тістеп:

 – Әуелі зәйтүннің дәмін татып көр... Біреуін жеп көрші...Ұнатсаң аларсың бәлкім...

Қатын:

 – Ұнатсам да, ақшасын қазір қолма-қол бере алмаймын, - депті.

Қожанасыр:

 – Сенің марқұм күйеуіңмен дос болған едім. Жарайды, ал, ақшасын кейін берерсің,- деп жеңілдік жасапты.

Қатын назданғанын жалғастырып:

 – Қожа әпенді дәмін тата алмаймын. Бүгін аузым берік... Үш жыл бұрынғы ораза айында ауырғаныма байланысты бір апта ораза ұстай алмап едім. Енді қазір сол қарызымды өтеп жатырмын...

Қожанасыр қатынның айтқандарына ойланып қапты да:

 – Ханым, ханым, оңай ештеңе жоқ. Жолыңыз болсын, сау болыңыз... Мен зейтүнді сізге сатқым келмей қалды. Себебі,  Аллаға қарызын үш жылдан соң төлеген кісі пенденің зәйтүн қарызын қай уақытта төлейтінін кім біледі? - депті.

ЖЫЛ БОЙЫ ОРАЗА

Молда Қожанасырды шақырып алып, Алла әмiрiн өтемей, оразада тамақ жеп жүргенi үшiн қатты ашуланыпты.

 – Ораза тұту-ұстау  Алла әмiрiн өтеу болса, ауылда менен жақсы, iзгi кiсi жоқ. Байлар бiр ай ғана ораза ұстаса, мен пақырға жыл бойы ораза ұстауға тура келедi, - дептi Қожанасыр.

БҰЛ ЖАЗА КІМНІҢ ЖАЗАСЫ?

Қожанасыр рамазан айында, бір ру басшысының үйінде ораза айында арнайы қызмет атқаратын имамы болыпты.

Үй иесі бір күні Қожанасырмен сөйлескенде:

 – Қожанасыр, мен адамның жанын шығаруға құмарлардың бірімін. Кейде ашуымды жеңе алмай, жөнсіз тұста адам да өлтіремін. Бұл дүниеде бұлардың жазасын шынымен тартамын ба?..

Асқаны асқан жерде, кескені кескен жерде қалған бұл жауыз адамның алдында Қожанасыр бастапқыда сасып қалыпты. Біраз ойланып жауабын беріпті:

– Алаңдамаңыз. Сізге ештеңе болмайды.

Залым ру басы:

– Төккен мұнша қан яғни жазасыз қалатын болғаны ма сонда? - деп сұрапты.

Қожанасырдың жауабы дайын болатын-ды:

 Жоқжазасыз қалмайдыәпендім. Бұлардың жазасын балаларыңыз тартар.

Залым адам, кең бір тыныс алып ап күлімдеген жүзбен:

 Жаса Қожам! Сен шынымен білімді үлкен бір кісі екенсің... Мені бір қорқыныштан құтқардың. Қылмыстарымның сазайын мен тартпайтын болдым. Енді кім тартса сол тартсын!..- депті.

 Залым ру басы бір күні аңға шыққанда, аттан құлап аяғы сындырып алыпты. Дереу  Қожаның айтқандары ойына түсіпті. Оны шақыртыпты. Өкпелі күйде:

 Қожа! Сен, дүниеде менің басыма бір пәлекет келмейтінін айтып едің. Алайда аяғым сынды. Бұған не дейсің? - деп сұрапты.

Қожа:

– Сенің әкең де сен сияқты  кісінің жанын шығарушы ма еді? - деп қарсы сұрақ қойыпты.

Ру басы:

 Ол тіпті менен де өткен, - десімен Қожа көңілі жайланып:

 Олай болса менің сөзімде бір қателік жоқ, - депті. Басыңа түскен пәлекет – сенің жасағаныңнан емес, сенің әкеңнің істегендерінің жазасы. Сенікін  кейін балаларың тартатын болады!..

КІМ КІМНІҢ ҚҰЗЫРЫНДА?

Бір кісі қазы болып тұрған кезінде Қожанасырға жүгінуге Абдулла дегенді жағасынан алып, шапалақтап әкеледі:
– Қазы әпенді!… Бұл адам қасиетті айда көпе-көрінеу аузын ашып жіберді. Жазасын беріңіз, - дейді.

Қожанасыр сәл ойланып:
– Сен бұл кісіні мұнда әкеле жатқанда ұрып, абыройын төгіп, ақысына қол салдың. Осы қылмысың үшін сені бір ай абақтыға қамаймын.
– Мақұл енді, артық кетіп қалыппын, әміріңізге құлдық. Жазаңызға көндім. Бірақ Абдулланы мүлде жазаламайсыз ба?
– Мен сені мына дүниелік заңды бұзғаның үшін айыптаймын. Ал Абдулла дін заңын бұзды. Мен ақырет төрешісі емеспін. Оның мәселесі Жаратушының құзырында.

«ӨЗ ҮЙІНЕ ДЕ АУЫЗАШАРҒА КЕЛСІН»

Бір әпенді Ораза айында үйіне мүлде келмейтін көрінеді. Ораза айы аяқталғанша ауызашарға шақырса да шақырмаса да бара береді екен.

Бір күні кешке біреу оның үйіне келіп:

– Бүгін кешке сіздің күйеңізді пәлен деген жерде ауызашарға шақырамыз, келсін, - дегенінше үй ханымы:

–  Ораза да қайда болса да бітер. Сол кісіні көрген пенде жоқ. Сіз көре қалсаңыз, өз үйіне бір рет болса да ауызашарға келсін деп айта салыңызшы, - деп өтініпті.

«ШІРКІН, АЙТ КҮНДЕ БОЛА БЕРСЕШІ...»

Бір ашаршылық жылы Қожа бір ауылға келеді. «Ішкен мас, жеген тоқ» дегендей-ақ, мұнда ас-су көл-көсір, Қожа да қарық болып қалады. Пай-пай, бұ неткен молшылық, біздің жақта жұрт аштан қырылып жатыр, - деп Қожа таң қалады.

Сонда біреу:

 Немене, өзің жындымысың? Айт екенін білмеуші ме ең? Бүгін айттың құрметіне деп жұрт қолда барын ортаға салып отыр. Сондықтан да молшылық, - дейді.

Сонда Қожа сәл ойланып қап, іле-шала:

 Қап, айт күн сайын бола берсеші! Сонда мұсылмандар аштық дегеннің не екенін білмес еді, - депті.

«НЕ ҚАЛАДЫ?»

Қожанасырдың көршісі ауыз бекітпесе де, үй ішімен түгел таң атпай тұрып, сәресі ішеді екен. Оның бекерге сәресі дайындаудан шаршаған қатыны Қожадан кеңес алуға келіпті:

– Үйде ешкімнің аузы берік емес. Күйеуім сонда да дәмді тамақ пісіртіп, асты бәріміз бірге ішеміз. Күйеуімнің осынысы не, қойғызып бересіз бе?

– Намаз оқымайсың, ораза ұстамайсың, енді сәресіні де ішпесең, онда мұсылманшылығыңнан не қалады? Жоқ, қойғыза алмаймын.

СӘРЕСІГЕ ИТТІҢ ҚАТЫСЫ ҚАНДАЙ?

Темел әйелі Бәтимәмен өкпелесіп, бір-біріне жақ ашпай жүреді. Сондай тұста ораза да келіп қалады. Тұрсын Темелден:

– Сәресіге қалай тұрасың?

– Бәтима тұрғызады.

– Екеуің тіл қатыспай жүрген жоқсыңдар ма?

– Иә, солай. Бірақ итім Қарабасты жаныма байлап қойғанмын.

– Байласаң байла, бірақ сәресіге иттің не қатысы бар?

– Қатысы болғанда қандай?! Сәресі тақағанда Бәтимә қойнына алып жатқан

мысықты маған қарай қоя береді.

ТЕКСЕРУ

Ауыл мешітінде имам болып жүрген Темел ауызашарды тосып отырған елдің төзімін тауыспауды ойлайды екен. Сол себепті микрофонды тексерген болып азан шақырып жіберетін көрінеді.

Жұрт жеп-ішіп ес жиғаннан соң сағатынақарап, әлі ауызашар уақытының кірмегенін байқап жатса, «мен жәй, микрофонды тексердім» дей салады екен.

Жинаған әрі  аударған  Мақсұтхан Жақып

Комментарии
Другие материалы