Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар өсіп тұрған алқапты трактор таптаған

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xltmwti3cd371AAJglL43ei8OR1WNehiwmbIPeX5.jpg

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында түсірілген видео қызу талқыға түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Бейнежазбада трактордың Қызыл кітапқа енген сирек өсімдік Грейг қызғалдағы өсіп тұрған алқап арқылы жүріп өткені көрінеді.

Желі қолданушылары бұл жағдайға әртүрлі пікір білдірді. Бір бөлігі сирек кездесетін өсімдіктердің зақымдануына алаңдаса, енді бір топ жер иесін қолдап, техниканың егістік жиегін өңдеу немесе қауіпсіздік мақсатында жүрген болуы мүмкін екенін айтты.

Оқиғаға байланысты Түркістан облысы ПД түсініктеме беріп, видеодағы жағдай бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта қызғалдақтарды жою немесе зақымдау фактісі тіркелмеген.

Ал Ордабасы ауданы әкімдігінің мәліметінше, видео түсірілген жер жеке меншікке тиесілі егістік алқап болып табылады. Онда ауыл шаруашылығы дақылдары, соның ішінде бидай егілген. Әкімдік жер иесінің аумағына рұқсатсыз кіру жағдайлары жиілегенін айтып, қауіпсіздік мақсатында жол уақытша жабылғанын да жеткізді.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның Қызыл кітабына 387 өсімдік түрі енгізілген, олардың қатарында Грейг қызғалдағы да бар. Заңға сәйкес, сирек кездесетін өсімдіктерді жоюға, жұлуға немесе зақымдауға қатаң тыйым салынған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай әрекеттер үшін 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

Комментарии
Другие материалы