Тағы да медициналық мәліметтер. ҚазҰУ студенттерінің жеке деректері тарап кетті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3q2Ky9LC2K7B5LucD2lWZeUBzCFDee4jNpknVlje.webp

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне қатысты жеке мәліметтердің таралу фактісі тіркелді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Ашық қолжетімділікке студенттердің аты-жөні, факультеттері, тәртіп бұзушылықтары және медициналық анықтамалары шыққан.

Таратылған құжаттар университеттің оқу чаттары мен әлеуметтік желілерде жарияланған. Ақпаратты кім және қандай мақсатта таратқаны әзірге белгісіз.

Студенттердің айтуынша, бұл жағдай олардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Олар мұндай мәліметтердің университет ішінде ғана сақталуы тиіс екенін айтады.

Университет әкімшілігі оқиға туралы әлеуметтік желілер арқылы білгенін мәлімдеді. Ректорат өкілдері жабық ақпараттың чаттарға қалай тарағаны туралы ақпарат таратпады. Олардың айтуынша, мұндай деректер ішкі мониторинг үшін жиналады, тек шектеулі тұлғаларға ғана қолжетімді болуы тиіс.

Оқу орнының бірінші проректоры Еркін Дүйсеновтің сөзінше, студенттерге қатысты ақпарат ситуациялық басқару қызметі арқылы тәулік бойы бақылауда болады. Бұл мәліметтер жедел әрекет ету үшін пайдаланылатын жабық ақпарат санатына жатады.

Әкімшілік дерегінше, студенттердің жеке мәліметтеріне медициналық қызметкерлер де қол жеткізе алады. Қазіргі таңда оқиға бойынша Алматы қаласының прокуратурасы тексеріс бастаған. Қадағалау органы деректердің таралуына жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.

Айта кетейік, бұл ҚазҰУ-да тіркелген алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де студенттердің медициналық құпиялары әлеуметтік желілерге тарап, қоғамда резонанс тудырған болатын

Комментарии
Другие материалы