«Сұңқар» зымыраны бүгін көкке ұшуы мүмкін

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HElFmaxOlpuIUtyNh5vlexifqX3n2w4nkfnIXvU9.jpg

Бүгін, 29 сәуірде Қазақстанда Ресеймен бірлесіп жасалған «Сұңқар» орташа зымыраны көкке көтеріледі деген ақпарат бар. Бұл туралы «Физика және ғарыш» жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сұңқар» старт тағанында тұр, ұшырылым әдеттегідей 16:00-ге белгіленген»,-делінген хабарламада.

Еске салайық, жексенбіде Мәскеу жылдар бойы сөзбұйдаға салған «Сұңқар» зымыраны ұшады деген ақпарат тараған болады. Алайда ол кейінге шегерілді.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза отын компоненттерін пайдаланатын зымырандармен ғарышқа ұшыру жұмыстарын жүргізуге арналған жерүсті инфрақұрылымды құруды көздейді. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде іске қосылған.

Бастапқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған, ал оған арналған ұшыру кешенін №200 алаңдағы бұрынғы «Протон» зымыранының №40 ұшыру қондырғысының орнында салу көзделген еді.

Кейін Ресей жоспарын өзгертіп, құрылыс үшін №250 алаңдағы бұрын «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт орнын ұсынды. Алайда бұл жоба да жүзеге аспады.

Кейінірек «Зенит» зымырандарын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшыру кешенін қамтитын барлық жерүсті инфрақұрылым «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алу келісімінен шығарылып, Қазақстан тарапына — «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына берілді.

«Ангара» зымыранының орнына, оған арналған ұшыру кешенінің құрылысы басталмағандықтан, жаңа «Сұңқар» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» кешенінен қалған инфрақұрылымды белгілі бір жаңғыртулар арқылы пайдалануға мүмкіндік болды.

«Сұңқар» зымыран-тасығышы — орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі «РКЦ Прогресс» акционерлік қоғамында өндіріледі. Оны ұшыру туралы соңғы бірнеше жыл талпыныс болғанымен, үнемі кейін сырғытылып келеді. Зымыран айлаққа қойылған соң да оны ұшыру он шақты мәрте шегерілді. 

Техникалық сипаттамалары: зымыранның биіктігі — бас қаптамасына байланысты 58,8 м немесе 65,2 м; диаметрі — 4,1 м; ұшыру массасы — 526–531 тонна; төменгі Жер орбитасына шығаратын пайдалы жүк массасы — 17,4 тонна; геостационарлық орбитаға — 2,5 тонна.

Қолданылатын отын мен тотықтырғыш — экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.

Комментарии
Другие материалы