Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдағы демалыста уақыт тауып, сыйға тартылған тұлпарлардың күтімін көріп қайтты. Бұл туралы президенттің жеке парақшасында жарияланды, деп хабарлайды "Адырна".
«Бір жыл бұрын Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тайды Ақжан деп атап едім. Шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, денесі сылыңғыр, көзі тау суындай тұп-тұнық, жүрісі паң, өте есті жануар екені бүкіл болмыс-бітімінен байқалып тұрады. Ақалтеке тұқымына жататын арғымақтарымыздың қатарына бірнеше ай бұрын қосылған құла түстес құлынға Ақниет деп ат қойдым. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр» – деп жазылған жазбада.
Одан бөлек президент атқорасында Қатардан сыйға келген араб арғымақтарының бар екенін, арасында келіп, өз қолыммен жем беріп тұрғанын айтады.
