Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2TpycndleNoY3pkZ6ucreHxchDh69UrBu588y6Xa.jpg

7 мамырда Астанада жаңа «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, партияның ресми қызметі басталды. Съезге Қазақстанның барлық өңірінен 1000-ға жуық делегат қатысты.

Съезд барысында делегаттар ұйымның ресми атауын – «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі ретінде бекітіп, Жарғысы мен бағдарламасын қабылдады. Сондай-ақ басшылық құрамы мен партия төрағасын сайлады.

Партия төрағасы болып Дәдебай Айбек Арқабайұлы сайланды.

Делегаттар алдында сөз сөйлеген «Әділет» партиясының төрағасы негізгі жұмыс бағыттарын айқындады:

«Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді», – деді Айбек Дәдебай.

«Әділет» партиясы өз қызметін заң және тәртіп, тиімді институттар, қуатты өңірлер – қуатты ел, іс жүзіндегі Халық үніне құлақ асатын мемлекет, әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономика, әлеуметтік ынтымақ пен атаулы қолдау, адами әлеуетке басымдық беру, цифрлық мемлекет, Таза Қазақстан, жауапты орта держава және жаңа геосаяси этика қағидаттары төңірегінде құрады.

«Әділет» идеологиясының негізінде Қазақстанның жарқын болашағы әр азаматтың бүгінгі күнделікті таңдауы арқылы қалыптасады деген сенім жатыр. Бұл – адал еңбек ету, заңды құрметтеу және ел өміріне бейжай қарамай, қоғам ісіне белсенді атсалысу.

«Біздің ниеттестеріміз – дәл осындай азаматтар. Олар – белсенді, жауапкершілігі жоғары, ел дамуына үлес қосатын жандар. Біз бірге еңбек етеміз, жұмысты ашық, адал әрі қоғам алдында есеп бере отырып жүргіземіз. Біз жеңіл шешімдер ұсынбаймыз. Жүйелі, жауапты және дәйекті жұмыс жүргізуге уәде береміз», – деп атап өтті Айбек Дәдебай.

Партия ұстанымдары қазақстандықтардың кең қолдауына ие болды. 30 сәуірде іске қосылғанhttp://adilet-partiyasy.kz/ цифрлық платформасы арқылы партия қатарына кіруге 9000-нан астам өтініш келіп түсті.

Партияның құрылуы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілген құндылықтардың іс жүзіндегі нақты көрінісі болды. Құрылтай съезі «Әділеттің» Тәуелсіздік буынының партиясы ретіндегі мәртебесін растап, оның өкілді демократия институттары мен заң үстемдігін нығайтуға бағытталғанын көрсетті.

 

Комментарии
Другие материалы