Эвтаназия не болды? Президент қараусыз ит-мысықтар туралы заңға қол қойды

267
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LO5UyU8q5PyxHK3zQFm9UQxFaEOUhjejzdYhclHm.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл құжат қаңғыбас иттер мен мысықтарға қатысты құқықтық режимді өзгертеді, деп хабарлайды "Адырна".

Заң қолданыстағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды толықтырып, бір жағынан қатыгездік үшін жауапкершілікті күшейтсе, екінші жағынан панажайларда шектеулі мерзім ұсталғаннан кейін қараусыз жануарларды эвтаназиялауға мүмкіндік беретін тетікті енгізеді.

Мамыр айының басында бұл түзетулерді мәжіліс пен сенат депутаттары мақұлдаған болатын. Енді жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар жануарларды ұстау ережелерін және қаңғыбас ит пен мысықтарды уақытша ұстау пункттерінде қанша уақыт болатынын өздері белгілей алады.

Сондай-ақ жануардың иесі бар-жоғын анықтайтын белгілері кеңейтілді. Бұрын тек чиптің болуы есепке алынса, енді мойынбау (ошейник), белгі (бирка) және сыртқы келбет те ескерілетін болады.

"Эвтаназия" ұғымы да нақтыланды. Енді ол тек ветеринар дәрігердің қорытындысы негізінде және тек медициналық көрсеткіштер бойынша жануарды жансыздандыру ретінде қарастырылады. Сонымен қатар қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі жергілікті әкімдіктер деңгейіне берілді.

Депутат Еділ Жаңбыршин ілгерілеткен бұл түзетулер қоғамда қызу пікірталас тудырды. Негізгі дау эвтаназия мәселесінен шықты. Жануарларды қорғаушылар бұған дейінгі жаппай ұйықтату тәжірибесін қайтаруға қарсы шығып, ОСВВ (аулау–стерильдеу–вакцинация–қайтару) жүйесін сақтауды талап етті.

Нәтижесінде қолданыстағы қайтарымсыз аулау моделі сақталды. Бірақ эвтаназия тек медициналық негіз болған жағдайда және ветеринардың қорытындысымен ғана рұқсат етілетіні бөлек бекітілді.

Сондай-ақ бұған дейін депутаттар жануарларды ұстау мен серуендету ережелерін бұзғаны үшін иелердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынған еді.

Сенат кулуарында журналистер айыппұлдарға қатысты нақтылады. Вице-министр Нұркен Шарбиев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-1-бабын ("Жануарларға қатыгездік көрсету") қатаңдату жоспарланып отырғанын айтты.

Егер қылмыстық құрам болмаса:

  • жеке тұлғалар үшін айыппұл 5-тен 30 АЕК-ке дейін (21 625-тен 129 750 теңгеге дейін);
  • лауазымды тұлғалар үшін 10-нан 50 АЕК-ке дейін (43 250-ден 216 250 теңгеге дейін).

Қайталанған жағдайда:

  • жеке тұлғаларға 20-дан 50 АЕК-ке дейін (86 500–216 250 теңге);
  • лауазымды тұлғаларға 40-тан 100 АЕК-ке дейін (173 000–432 500 теңге) айыппұл салынады..

Шарбиевтің айтуынша, айыппұлдар барлық деңгейде шамамен 2,5 есе өседі.

Сондай-ақ жануарларды аулау, панажайларда ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін де айыппұлдарды арттыру ұсынылды:

  • жеке тұлғалар үшін 10-нан 15 АЕК-ке дейін (43 250–64 875 теңге);
  • лауазымды тұлғалар үшін 20-дан 30 АЕК-ке дейін (86 500–129 750 теңге);
  • заңды тұлғалар үшін 30-дан 40 АЕК-ке дейін (129 750–173 000 теңге).

Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін:

  • жеке тұлғаларға 20-дан 30 АЕК-ке дейін (86 500–129 750 теңге);
  • лауазымды тұлғаларға 30-дан 60 АЕК-ке дейін (129 750–259 500 теңге);
  • заңды тұлғаларға 40-тан 80 АЕК-ке дейін (173 000–346 000 теңге) айыппұл қарастырылған.
Комментарии
Другие материалы