Алаяқтық жасады деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылған Сандуғаш Жұмабектің «Түрме сыртындағы сатқындық» атты романы жарық көрді. Шығарма шыққан алғашқы аптада-ақ әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, оқырман арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы МadeniPortal.kz-ке сілтеп.
Роман автордың өз өмірі мен түрмедегі тәжірибесіне негізделген. Онда балалық шақтағы ауыр кезең, әлеуметтік қиындықтар, сондай-ақ темір тордың ар жағындағы өмір шындығы көркем тілмен баяндалады. Шығармада әйелдер колониясындағы тәртіп, психологиялық қысым және адам тағдырының күрделі иірімдері суреттелген.
Автордың айтуынша, бұл кітап ақталу мақсатында жазылмаған. Ол өз тағдырын, өмірлік тәжірибесін және ішкі жан күйзелісін ашық жеткізуді көздеген.
«Мен бұл кітапты ақталу үшін жазған жоқпын. Ақталу – кейде адамның өз өмірінен қашуы. «Бұл мен емес едім» деп, бастан өткен шындықты өзгенің иығына артып қою оңай. Бірақ мен өз тағдырымды ешкімге жаба салғым келмейді. Менің өмірім – үнсіздіктен, сенімнен, қорқыныштан, үміттен құралған күрделі түйін. Сол түйіннің үстінен соттың бір ғана үкімі өтіп, бәрін тас-талқан етті. Адамды бір сөйлеммен өлшеуге болмайды. Заң қағазға сыяды, ал жанның салмағы ешқандай қағазға сыймайды», – дейді автордың өзі.
Оның айтуынша, адамды кейде темір тор емес, бала күнінде жүрекке қадалған бір ауыз сөз өмір бойы қинайды екен. Бірақ оны өзі кеш түсінген. Бала күнінен-ақ өзін бір үйдің ішінде жүрген бөтен адамдай сезініп өскен.
«Бәрі бар секілді еді. Шаңырақ, дастарқан, адамдар бар. Бірақ мен туралы айтылатын естелік жоқ болатын. Сонда да үндемедім. Өйткені үнсіздікке ерте үйрендім. Кейін өмір мені түрмеге алып келді. Сол кезде түсіндім: адамды сот үкімі емес, сенген адамының сатқындығы көбірек сындырады екен. Темір есіктің арғы жағында отырғанда адамның сүйегі емес, жаны тоңады. Түн ішінде балаңды ойлап, жастық құшақтап жылайсың. Бірақ ешкімге көрсетпейсің. Себебі түрмеде жылап, әлсіреуге болмайды. Ол жерде адамды аштық та, суық та емес, үмітсіздік жейді екен», – дейді роман авторы.
Сандуғаш Жұмабектің айтуынша, «Түрме сыртындағы сатқындық» – ойдан шығарылған ертегі емес.
«Бұл – менің басымнан өткен өмір. Автозактың сықыры, суық камераның иісі, СИЗО-дағы әйелдердің мұңы, қорлық, сағыныш, жалғыздық – бәрі шынайы. Бұл кітапта түрмедегі әйел ғана емес, бала күнінен мейірім іздеп өскен жанның тағдыры бар. Кейде адам бостандықта жүріп-ақ тұтқын болады екен. Ал кей адам темір тордың ішінде отырып та рухын сындырмайды. Мен осы кітапты біреуден аяныш сұрау үшін жазған жоқпын. Тек үнсіз кеткен шындықтың дауысын жеткізгім келді», – дейді тағдырлы автор.
Сөз соңында Санадуғаш Жұмабек егер осы кітапты оқып отырып, бір адамға үкім айтпас бұрын жүрегіңіз бір сәтке жұмсарса, онда өзінің бар көрген қорлығы мен көз жасы босқа кетпегенін айтады.
Роман туралы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман: «Сандуғаш Жұмабектің «Түрме сыртындағы сатқындық» романы – оқиғадан бұрын адам мінезін сөйлететін, жанның жарасын ұсақ деталь арқылы терең сезіндіретін туынды. Бұл шығармада түрме тек өмірдің қараңғы қалтарыстары ғана емес, тағдырдың тар соқпағы, адамның өз-өзімен бетпе-бет келіп, ішкі таразысына түсетін ауыр кезеңі ретінде көрінеді. Баяндауы жинақы, тілі табиғи, құнарлы», – деп бағалаған.
Сандуғаш Жұмабектің «Түрме сыртындағы сатқындық» романы жарық көрген сәттен бастап әдеби ортада жылы қабылданып, оқырман назарын аударған туындыға айналды. Әйел тағдыры, түрме шындығы, балалық жарасы мен адам жанының ішкі арпалысын арқау еткен шығарма туралы елге белгілі ақындар да өз пікірін білдіріп, романның көркемдік қуаты мен рухани салмағына жоғары баға берді.
Ғалым Жайлыбай, ақын: «Түрме сыртындағы сатқындық» романы ауыр балалықтың жарасын түрме шындығымен шынайы жалғап, адам жанының жетімдігін терең сезіндіреді. Мұнда түрме – жаза орны ғана емес, мейірім көрмей өскен жүректің қорқынышы мен бүгінгі үкімді жалғаған қараңғы көпір. Шығармада қылмыстан гөрі адамның қажуы мен мұқалуы, соның өзінде адамдықтың өшпей тұрары нанымды берілген».
Маралтай Райымбекұлы, ақын: «Бұл роман – оқиға соңына түспей, адам жанының ең нәзік, ең ауыр қатпарларын ашуға құрылған шығарма. Мұндағы темір тор – жай ғана түрме кеңістігі емес, сенімнің сынған тұсы, ардың жарасы, уақыттың тұйық үні. Автордың тілі сабырлы, салмақты. Оқырманды айқайға емес, үнсіз ойдың тереңіне бастайды. Мен бұл романнан жазаның өзін емес, адамдықты жоғалтпай сақтап қалудың қасіретті шындығын, сыртта қалған сатқындықтың іште күн өткен сайын үлкейе беретін жарасын таныдым».
Бауыржан Қарағызұлы, ақын: «Автор темір тордың ар жағындағы тіршілікті ғана емес, адамның өз ішіндегі сірескен шідерді де шешеді. Әсіресе, әке қасіреті – романның соғып тұрған жүрегі. “Әке” деп айта алмай қалған жалғыз ауыз сөздің салмағы бір тағдырдың ғана емес, тұтас бір ғұмырдың жүгін көтеріп тұр. Бұл романда арзан көз жасы да, жасандылық та жоқ. Бәрі де шынайы, ауыр, тірі. Өйткені бұл романның басты кейіпкері – қайтпас қайсар Сандуғаш Жұмабектің өзі».
Жалпы алғанда, «Түрме сыртындағы сатқындық» романы тек түрме шындығын емес, адам жанының ішкі арпалысын, сенім мен сатқындық, үміт пен күйреу арасындағы қайшылықты арқау еткен психологиялық-әлеуметтік туынды ретінде қабылдануда.
