Оқушыны ұру ісі. Билік мұғалімді қорғап, ата-ананы жауапқа тартты

450
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8fgfs5KdMgrZhnvHwkSG4V6lHeVVPJkqIfXkXi67.jpg

Өзбекстан билігі Ташкенттегі мектепте 9-сынып оқушысын ұрған мұғалімге қатысты өз ұстанымын жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ресми ұстанымға сәйкес, оқушы өз әрекетімен мұғалімді қол көтеруге дейін жеткізген. Мұғалімге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, оқушының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оқиға болған мектепке барған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Рустам Джураев мұғалімдерге үндеу жасап, педагогтардың «қорғауда» екенін мәлімдеді.

«Сіздердің арттарыңызда — әскер, погон таққан адамдар, генералдар тұр», — деді ол.

19 мамыр күні Мирзо-Ұлықбек ауданындағы №275 мектептің 9-сыныбында оқушы Р.Р. (2010 жылы туған) мен информатика пәнінің мұғалімі Зокиржон Омонов (2002 жылы туған) арасында жанжал шыққан. Интернетте тараған видеода мұғалімнің оқушыны ұрып жатқаны көрінеді.

Ресми мәліметке сәйкес, жанжалға оқушының сабақ өткізуге кедергі келтіруі себеп болған. Ташкент қалалық ІІББ-ның 21 мамырда жариялаған бастапқы ақпаратына қарағанда, мұғалім оқушыға дене жарақатын салған, содан кейін зардап шеккен бала медициналық көмекке жүгінген. Мұғалімге қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

25 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Шохрух Гиясов қылмыстық істің тоқтатылғанын айтып, кейінірек толық ақпарат берілетінін мәлімдеді.

26 мамырда Telegram-арналарда тергеу қорытындысы туралы видеорепортаж тарады. Онда мектептегі оқиға «әділ шешіммен аяқталғаны» айтылған.

Репортажда сыныптағы бақылау камерасының видеосы көрсетілген. Онда сабақ кезінде артқы партада отырған оқушылардың бірі екіншісінің басына су құйғаны байқалады. Кейін олар бір-біріне су шаша бастаған. Мұғалім екеуін сыныптан шығармақ болған кезде қара жейде киген оқушы оның иығынан ұстаған.

«Сыртқа шығуды ұсынғанымда, ол “Қолыңды тарт” деп айқайлады. Мен оны шапалақпен тартып жібердім. Ол екі рет жұдырықпен ұрып, аяғымнан ұстап, құлатуға тырысты. Есікті тепті, боқтық сөздер айтты. Менің ешкімді ұрайын деген ниетім болған жоқ. Әрине, қызбалыққа салындым, бірақ мұндай жағдай оның қарсы әрекетінен кейін болды», — деді Зокир Омонов Ташкент қалалық ІІББ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

№275 мектеп мұғалімдерінің айтуынша, аталған оқушылар бұрыннан тәртіпсіздігімен ерекшеленген.

«Бұл балалардың қатысуымен бұған дейін де бірнеше жанжал болған, агрессия белгілері байқалған. Біз ата-аналарымен жұмыс істедік, ақпарат бердік, мектепке шақырдық», — деді мектеп ұжымының өкілдерінің бірі.

Ішкі істер органдары басшылары қатысқан мектептегі жиында Ташкент қалалық ІІББ басшысы Равшан Султонходжаев мұғалімге қатысты қылмыстық істің толық тоқтатылғанын жариялады.

«Мұғалімге көтерілген кез келген қол, айтылған кез келген қорлық жауапсыз қалмайды. Баланы тәрбиелеуге ата-ана тікелей жауапты», — деді Султонходжаев.

Комментарии
Другие материалы