Сауд Арабиясы футбол федерациясы АҚШ-тағы жанкүйерлеріне алдағы футболдан әлем чемпионаты матчтарына билеттерді тегін тарататынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мұндай шешім Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) әлем чемпионаты ойындарындағы көрермен санына қатысты алаңдаушылығы аясында қабылданған. Турнир 11 маусымда басталып, АҚШ, Мексика және Канада аумағында өтеді.
Сауд Арабиясы құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы кездесуін 16 маусым күні Майамиде Уругвай құрамасына қарсы өткізеді. Ақпаратқа сәйкес, бұл матчтың билеттері шамамен 3 мың долларға бағаланғанымен, сатылмаған орындар саны әлі де көп. Осыған байланысты FIFA стадиондардың толымдылығын арттыру мақсатында билеттерді тегін тарату тетігін мақұлдаған. Ұйым бұл қадам матчтардың жартылай бос трибуналарда өтуіне жол бермеуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Қазіргі таңда Сауд Арабиясы құрамасы FIFA рейтингінде 61-орында тұр.
