8 маусымда Филиппиннің Минданао аралы жағалауында магнитудасы 7,8 болатын жер сілкінісі болды. Өңірде цунами қаупі жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі eadaily-ге сілтеме жасап.
Ел президенті кіші Фердинанд Маркос тұрғындарды цунами қаупіне байланысты биік жерлерге көшуге шақырды.
«Цунами туралы ескертуді елеусіз қалдырмаңыздар. Дереу биік жерлерге шығыңыздар», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, жер асты дүмпулері салдарынан кемінде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған. Сондай-ақ бірнеше ғимарат қираған.
Минданао аралындағы Генерал-Сантос халықаралық әуежайы жер сілкінісіне байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасы мәлімдеді.
«Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасы жер сілкінісіне байланысты Генерал-Сантос әуежайының жұмысын уақытша тоқтатқанын хабарлайды», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының дерегінше, қуатты жер сілкінісінен кейінгі екі сағат ішінде кемінде 11 афтершок тіркелген. Олардың магнитудасы 4,8 бен 6,5 аралығында болған.
