Додадан кейінгі дау. Берік Уәли мәселені бақылауда ұстайтынын айтты

374
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/CAICmmulPTZ2sgOKdkYvRI8VHuyT5WcGyNOOI1II.jpg

Қазақстан Премьер-лигасындағы «Елімай» – «Ордабасы» матчынан кейін төрешілікке байланысты жанжал өршіді. Семейлік клубтың бас бапкері Андрей Карпович бас төреші Арман Есмұратовтың дөрекі сөйлеп, қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді. Осыдан кейін клуб жанкүйерлері Абай облысының әкімі Берік Уәлиге үндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайдың бақылауға алынғанын мәлімдеді. Айтуынша, жергілікті «Елімай» футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген арыз-өтініштер келіп түсіп жатыр.

«Көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыстар жүргіземіз. Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жайттың мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Әділеттілік жолындағы ұстанымымыз өзгермейді. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз»,–деді Берік Уәли.

Еске салайық, 14 маусым күні Шымкенттің «Ордабасы» клубы семейлік «Елімайды» 3:1 есебімен жеңген еді. Кездесу Семейдегі «Спартак» стадионында өтіп, алаң иелерінің жеңілісімен аяқталған. Алайда матчтан кейін төрешілікке қатысты дау шықты. Әлеуметтік желілерде стадионнан түсірілген видео таралып, онда жанкүйерлердің төрешіге қоқыс лақтырғаны байқалады. Кейін төрешінің эмоцияға беріліп, жанкүйерлерге жауап қайтарған сәттері де түсіп қалған.

Ойыннан кейін «Елімай» бапкері Андрей Карпович төреші Арман Есмұратовтың әрекетіне қатты сын айтты. Оның сөзінше, матч барысында бас төреші тарапынан бейәдеп сөздер айтылып, тіпті қоқан-лоқы жасалған.

«Ол чемпионаттың қалған бөлігінде «Елімайды» қыспаққа алатынын және жеке кездесуде менімен «мәселені басқаша шешетінін» айтты», – деді Карпович.

Бапкер бұл жағдайды кәсіби футболға жат, өрескел әрекет деп бағалады. Ол оқиғаның тиісті органдар тарапынан тексеріліп, ресми баға берілуін талап ететінін жеткізді.

Комментарии
Другие материалы