Арменияның экс-президентіне елінен шығуға шектеу қойылды

121
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qYba8mOks3bNJVOQ7PUYzKysLglDcAgocsjl6zqA.jpg

Арменияның бұрынғы президенті және «Армения» оппозициялық блогының жетекшісі Роберт Кочарянға ел аумағынан шығуға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы оның кеңсесі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Ақпаратқа сәйкес, Кочарян 14 маусым күні Еревандағы Звартноц халықаралық әуежайынан шетелге ұшуды жоспарлаған. Алайда шекара қызметінің өкілдері оған Армениядан шығуына шектеу қойылғанын хабарлаған.

Экс-президент кеңсесінің жетекшісі Баграт Микоянның айтуынша, бұл шешімнің нақты себебі түсіндірілмеген. Кочарянның жеке мақсаттағы қысқа сапарға шықпақ болғаны белгілі, бірақ баратын елі жарияланған жоқ.

Бұл оқиға Армения билігінің сайлау кезіндегі заң бұзушылықтар мен жемқорлыққа қарсы мәлімдемелері аясында орын алып отыр. Премьер-министр Никол Пашинян бұған дейін парламент сайлауында дауыс сатып алу деректері тіркелгенін айтып, заң бұзғандарға қатысты қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар елдегі белгілі кәсіпкер әрі «Гүлденген Армения» партиясының жетекшісі Гагик Царукянға қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Бас прокуратура оны аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деп айыптап отыр.

Роберт Кочарян 1998–2008 жылдары Армения президенті қызметін атқарған. Кейін ол Ресейдің ірі инвестициялық құрылымдарының бірінде басшылық қызметте жұмыс істеді. 2021 жылы бірнеше саяси күштің бірігуімен құрылған «Армения» блогына жетекшілік етіп, елдің оппозициялық саяси сахнасындағы негізгі тұлғалардың біріне айналған.

Еске салсақ, 14 маусымда Арменияның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының қорытындысын жариялады. Нәтижесінде премьер-министр Никол Пашинян басқаратын Азаматтық келісім партиясы парламенттегі басым көпшілік мандатқа ие болды.

Комментарии
Другие материалы