Ресейлік әндердің қойылуы – идеология мәселесі

212
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/84HmpCDcoyLnWmzl1oZKQO8h7y0VEf5o0SPaLdbU.jpg

Таңертең Астанадағы 66 автобусқа отырып, көңіл-күйім түсіп кетті. Жеке көлігі емес, қоғамдық көлікте соғыс әндері қойылып, соғысты романтизациялаған пропагандалық “туындылар” айқайлап тұр.

Қазір көптеген ресейлік Z-әншілеріне Украина мен Еуропада қатаң тыйым салынған, олар біз сияқты емін-еркін Еуропаға барып саяхаттай да алмайды. Себебі соғысты дәріптейді. Бұл тұрғыдан неге Қазақстанның қоғамдық көлігінде ресейлік әндер қойылуы керек? Жеме-жемге келгенде, бұл Тіл туралы заңды да бұзу…

Қоғамдық көліктерде қазақша әндер қойылуы керек. Өткенде 55А автобусында да кілең орысша әндер қойылды, Тіл туралы заңның талаптары қайда қалды? 

Бұл орайда менде қаладағы жолаушылар тасымалының ресми операторы - “City Transportation Systems» компаниясына сұрақтар: 

Біріншіден, сіздерде ресми бекітілген әндер мен радиолардың плейлисті бар ма? Мәселен, Қазақ радиосы, Шалқар не Жұлдыз ФМ сияқты тіл заңдарын бұлжытпай орындайтын радиоларға басымдық бересіздер ме? 

Екіншіден, Тілдер туралы заңды қаншалықты орындайсыздар? Қазіргі талап бойынша, мемлекеттік тілдегі аудио, видео көрсетілімдердің көлемі 70 пайыздан асуы керек емес пе еді? Тіпті, 100 пайыз қазақша болуы тиіс. Бұл - демография талабы. 
Жалпы, Астана автобустарын жайлы деп мақтап жатады ғой. Бірақ жайлылық тек автобустың сапасына ғана емес, таңертегі, күндізгі және кешкі көңіл-күй сыйлай алатын әуендеріне де байланысты. Таңертең соғыс туралы емес, өмір туралы әндер тыңдағымыз келеді. 

Қазір қазақ әндері әлемдік трендке айналып отыр. Адамның “Жүрек” әнін 1 млрд-тан астам адам тыңдаған. Димаштың әндері әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды қазақша үйренуге жетелеп жатыр. Алатау серілері Түркиядан бастап, бүкіл түркі әлемін әнімен “жарып” жатыр. Осы әншілерді неге дәріптемейміз? Неге таңертең жақсы көңіл-күй сыйлайтын, жастар да, орта буын да тыңдайтын Калифарния, Садраддин, Ерке Есмахан, т.б. әншілердің әндері қойылмайды? 

Ресейлік әндердің қойылуы - бір-екі автобустың мәселесі емес, бұл идеология мәселесі. Автобустарда Тіл туралы заң талаптары бұлжытпай орындалып, адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлайтын, халықтың басым бөлігі тыңдайтын әндер қойылуы керек. Ал соғыс әндерін жеке көлігіңде, не үйіңде тыңдай аласың. 

Kamshat Tasbolat

Комментарии
Другие материалы