1 шілде мен 2 шілдеге қараған түні өткен 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Англия, Бельгия және АҚШ құрамалары жеңіске жетіп, турнирдің келесі кезеңіне өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Англия құрамасы Конго Демократиялық Республикасымен кездесіп, матчтың 7-минутында гол жіберіп алды. Ағылшындар ойынның соңына дейін есепте артта келе жатқанымен, шабуылшы Гарри Кейн дубль авторы атанып, командасына 2:1 есебімен жеңіс сыйлады. Енді Англия келесі кезеңде Мексикамен кездеседі.
Бельгия мен Сенегал арасындағы матч биылғы мундиальдегі ең тартысты ойындардың біріне айналды. Бельгиялықтар 0:2 есебімен жеңіліп жатып, камбэк жасап, есепті теңестірді. Матч тағдыры қосымша уақыттың соңында белгіленген пенальти арқылы шешілді. Юри Тилеманс мүлт кетпей, Бельгияға 3:2 есебімен жеңіс сыйлады. Келесі айналымда бельгиялықтар АҚШ-пен ойнайды.
Ал АҚШ құрамасы Босния және Герцеговинаны 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін 1/8 финалына Бразилия, Канада, Норвегия, Франция, Марокко, Парагвай құрамалары өткен еді.
