ХАМАС Газадағы билікті таратты

218
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wA9gYJpC851ohTN2otFxo4NSr69mYItNboQgfUVw.webp

ХАМАС соңғы жиырма жыл бойы Газа секторын басқарған әкімшілік құрылымын таратты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі Euronews-қа сілтеп.

Шетелдік БАҚ мәліметінше, ХАМАС 2007 жылдан бері Газа секторын бақылауда ұстап келген.

ХАМАС-тың үкіметтік медиа кеңсесінің басшысы Исмаил ат-Тавбаттың айтуынша, төтенше комитеттің жетекшісі Мұхаммед әл-Фарра қызметінен кетіп, комитетті тарату туралы шешім қабылдаған. Бұл қадам Газа секторын басқару жөніндегі ұлттық комитетке әкімшілік өкілеттіктерді кезең-кезеңімен тапсыруды жеңілдетуге бағытталған.

Жаңа ұлттық комитетті палестиналық технократ Али Шаат басқарады. Алайда комитет бірнеше ай бойы Газа секторынан тыс жерде жұмыс істеп келген. Бұған Израильдің оның мүшелерінің аймаққа кіруіне қарсылық танытуы себеп болғаны айтылып отыр.

ХАМАС өкілі Хазем Кас қозғалыстың Газа секторын басқарудан бас тартуы оккупацияға сылтау болатын себептерді жоюға бағытталғанын хабарлаған.

Сонымен қатар, ХАМАС өз шешімі туралы өзге палестиналық саяси қозғалыстарды Каирде өткен кездесуде хабардар еткен.

Дегенмен, Газадағы қақтығыстан кейінгі басқару мәселесі мен ХАМАС-ты қарусыздандыру мәселесі тараптар арасындағы негізгі келіспеушіліктердің бірі болып қала беруде. Израиль ХАМАС-тың билікке қайта оралуына қарсы болса, Палестина әкімшілігінің Газаны тікелей басқаруына да келісім бермей отыр. Ал ХАМАС қару-жарақ мәселесін қарастырмас бұрын палестиналық әкімшілік құрылуы қажет деген ұстанымда.

Комментарии
Другие материалы