Аңырақай шайқасындағы Жеңіс және Ер Абылай күні

151
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/U6UKSzCuqgI6oRsXJ7pm1wV7MPlduw8qpKrXDEpD.jpg

«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ. Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. 

Артында ор, алдында көр, жан-жағы жау. 
Сол кезде елге қорған болған Абылай, 
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап».
Мағжан Жұмабай

 Биылғы жылы аталып өтілетін маңызы ерек даталардың бірі қазақтың іргеленуіне күш салған Ұлы Абылай ханның туғанына 315 және хан атанғанына 255 жыл толып отыр. Абылай дегенде кез-келген қазақтың көз алдына жауына атой салып шапқан батырдың, үш жүздің басын біріктірген ұлы саясаткердің және барша қазақтың әлеуетін асыруға ұмтылған тарихи тұлға елестейтіні сөзсіз. Осындай айтулы датаға орай Ер Абылайдың тарихи тұлғасын тағы бір мәрте зерделеп, еске түсіргеніміз абзал. Абылай ханның шын есімі Әбілмансұр. Ол 1771—1781 жылдар аралығында билік құрған қазақтың 18-ші ханы. «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, Төле бидің қолында өскен болашақ ұлт қайраткері оның тәлім-тәрбиесін молынан көреді. Қазақтың болашағы тек бірлікте екендігін ұғынған Абылай хан ат жалын тартып мінген сәттен бастап, саналы ғұмырын осы жолға арнайды. Әбілмансұр ел өміріне ерте араласады. Бұқар, Үмбетей жыраулардың және т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне сәйкес 20 жасында қан майданда ерлігімен танылады. Бұл туралы Бұқар жырау «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» – деп атап өтеді. 1730 жылдары орын алған бір ұрыста Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры Шарышты жеңіп, жауға «Абылай!» – деп ат қояды. Осы ұрыстан соң Әбілмансұр Орта жүздің сұлтаны деп танылып, ендігі жерде халық арасында Абылай атанады. Абылай феномені қазақ үшін алмағайып заманда қазақ жеріне жоңғарлар тарапынан жасалған шапқыншылықтар мен орыс патшалығының қолға алған отарлық саясаты күшейе бастаған кезеңде пайда болды. Қазақтың болашақта ұлт ретінде сақталып қалу мәселесі өткір болған бұл заманда ұлттық рух пен болмысты, одан туындайтын намыс, қажыр-қайрат пен ұлт мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоюға үндейтін ұлттық ұстанымы бар тұлғаның ел басшылығына келуі тарихи маңызы ерек жайт еді. Бұл заманда Жаратушының Абылайға жүктеген міндеті аз қазақтың елдігін сақтап, үш жүздің басын біріктіріп ел ету еді. Абылай заманы ұтқыр саясат пен шебер дипломатияға толы болды. Сол дәуірде күшейген екі ірі мемлекеттің ортасында қазақ мемлекеттілігін сақтап, жоңғар мен Орта Азия хандықтарының әскери қимылдарына тойтарыс беру, Ақтабан шұбырынды мен Алқакөл сұламада ту-талақайы шыққан елдің еңсесін көтеріп, қазақтың рухын өлтірмей аман алып шыққан Абылай 1771 жылы үш жүздің ханы атанып, қазақ үшін аса ауыр зардабы болған, ұзақ уақытқа созылған жоңғар шапқыншылығының нүктесін қойды. Бұл дәуірдегі қазақтың жеткен басты жетістігі тұтас ел болып отыруында еді. Осыны қамтамасыз еткен Ер Абылайдың есімі қазақ бірлігінің символы дәрежесіне көтеріліп, ұлттық ұранға айналды. Осы орайда Ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінде 9 қыркүйек – Алаш ұраны болып белгіленгенін атап өткен орынды. Абылай заманы елдікті ту еткен көптеген ұлт қайраткерлерінің жарқырап көрініп, қазақтың іргесінің берік бола түсуіне ықпал етті. Олардың қатарында Бұқар жырау, Төле би, Қазыбек би, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа ұлттық тарихымыздың алыптары бар.

АБЫЛАЙ ФЕНОМЕНІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТАСТЫ?

 Бұл ретте «Абылай феномені қалай қалыптасты?» – деген сауалдың туындауы заңды. Оның жауабын біз Абылайдың өмір сүрген кезеңінен айқын көреміз. Қазақтың дәстүрлі ұлттық құндылықтары сақталған ортада өскен Абылай, сол кездегі қазаққа тән өзара туыстық, рулық жауапкершілік қағидаларына негізделген қоғамның тәрбиесін көрді. Алдағы уақытта бұл жауапкершілікті ол тұтас қазақ атынан өз мойнына алды. Бұған қоса, сол кезде барша қазақ арасында Төбе би атанған Төле бидің жанында жүрген Абылай ел мүддесі жолында қолға алынған нақты әрекеттер мен елдің жайын сөз қылған кеңестерді көріп өскені сөзсіз. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей Абылайдың жасында көргені мен түйгені елдің жайын жасау болса, ат жалын тартып мінгендегі жүзеге асырғаны тағы сол қазақтың жайы. Бұл жолда ол әуелде қазақтың дәстүрлі Батырлар институтының өкілі ретінде көрініп, одан әрі ұлттық ұстанымдағы шоқтығы биік Ұлт қайраткерлері институтының жарқын өкіліне айналды (Қазақтың ұлттық күнтізбесінде 24 сәуір – Ұлт қайраткерлері, ал 15 қараша – Батырлар күні болып белгіленген.) Үш жүздің басын қосқан Абылай хан жүріп өткен жол мен ол ұстанған бағыт-бағдар ұлттық құндылықтар негізінде қалыптасатын тәлім-тәрбиеден бастау алып, ұлтқа қызмет етуге үндейтін және сол арқылы өмірден өз орнын табуға ықпал ететін ұлттық ұстаным, яғни Қазақ жолы болып табылады.Әрқайсымызға осы жолмен жүруге жазсын! 

Қадірлі бауырлар, 2019 жылы Қарағанды қаласында тұсауы кесілген Қазақ ұлттық күнтізбесінде 7 шілде- Аңырақай шайқасындағы Жеңіс және Ер Абылай күні болып белгіленген осынау айтулы күнге орай сіздерді құттықтай отырып, еліміздің аспаны ашық, іргесі берік болсын демекпіз.

Нұржан Сұршаұлы

Республикалық Qazaq club-тың жетекшісі

Комментарии
Другие материалы