Ресейдегі жанармай тапшылығы. Қазақстаннан 5 мың тонна бензин жеткізілген

356
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Jg4oDNbZaVxJd8k7f9F9EIDf2rkQFjSWyv4CRCJ9.webp

Қазақстан шілде айының басынан бері Ресейге шамамен 5 мың тонна бензин экспорттаған. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дереккөздердің мәліметінше, Ресейде бензин өндірісі қатарынан үшінші ай сұраныс деңгейінен төмен қалып отыр. Шілде айында бұл айырмашылық 700–800 мың тоннаға жеткен.

Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак сейсенбі күні көптеген өңірде шектеулердің алынып жатқанын, алайда кейбір аймақтарда жағдай әлі де күрделі екенін жеткізді. Оның сөзінше, Ресей тапшылықты еңсеру мақсатында Қазақстаннан бөлек Беларусь пен Үндістаннан да бензин импорттап жатыр.

Дереккөздердің бірінің айтуынша, қазақстандық «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты шілде айында Еділ бойы өңірі мен Мәскеу облысына 5 мың тонна автокөлік бензинін жөнелткен. Оның ішінде шамамен 1 мың тоннасы осы айдың алғашқы онкүндігінде жеткізілген.

Ал шілдеде 17,5 мың тонна көлемінде экспорттық квота алған Павлодар мұнай-химия зауыты әзірге Ресейге өнім жөнелтпеген. Бұл туралы саладағы үш дереккөз мәлімдеді.

Шілде айына дейін «Конденсат» Қазақстандағы соңғы бір жыл ішінде Энергетика министрлігінен бензинді еркін сатуға және экспорттауға ай сайын квота алып отырған жалғыз зауыт болды. Ол өнімдерін Орталық Азия елдеріне, Грузияға және Ауғанстанға экспорттап келген. Осы айда зауыттың АИ-92 бензиніне арналған экспорттық квотасы 24 156 тоннаны, ал АИ-95 бензиніне арналған квотасы 4 мың тоннаны құрап отыр.

Комментарии
Другие материалы