Алматыда қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама аясындағы жұмыстар жалғасуда. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тоғыз нысандағы негізгі көркейту жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, қаланың ірі аумақтарын көріктендіру жалғасып, жаңа жобалар іске асырыла бастады. Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының өкілдері хабарлады.
Қазіргі таңда Достық даңғылы, Пушкин көшесі, Сайран көлінің жағалауы, Геологтар аллеясы, «Оңтүстік» саябағы, Баум тоғайы, FLOW PARK, Республика алаңы және «Атакент» Іскерлік ынтымақтастық орталығы алдындағы алаң пайдалануға дайындалды. Қазір бұл нысандарда соңғы әрлеу және түзету жұмыстары жүргізілуде.
Көркейту барысында жүргіншілер аймақтары жаңартылып, сыртқы жарықтандыру жүйелері мен автоматты суару жүйелері орнатылды. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, шағын сәулеттік нысандар, балалар және спорт алаңдары, заманауи демалыс аймақтары салынды. Нысандардың техникалық дайындығы тұрғындардың оларды қазірдің өзінде серуендеу және демалу үшін пайдалануына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, көркейту бағдарламасының келесі кезеңдері де жалғасуда. 2026 жылдың соңына дейін Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту, сондай-ақ Тимирязев, Мәсанчи, Сейфуллин, Жароков, Жандосов, Розыбакиев, Сәтбаев көшелері мен Абай даңғылын көркейту жоспарланған. Ал Н. Сац атындағы бплалар мен жасөспірімдер театры маңындағы скверді көріктендіру жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталмақ.
Бұдан бөлек, балаларға арналған Ғылым музейінің құрылысы жүріп жатыр. Нысанды биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Қалада қоғамдық кеңістіктерді дамытуға арналған жаңа жобалар да бастау алды. Соның бірі Әуежай көлі аумағын қайта жаңғырту. Бұл жерде тұрғындарға арналған заманауи демалыс аймағын құру көзделген. Жаңа жобалар қалалық ортаның сапасын арттыруға, демалыс инфрақұрылымын дамытуға және жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, барлық нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының барысына, тартылған техника мен жұмысшылар санына күн сайын бақылау жүргізіледі. Бұл жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
