АҚШ-тың негізгі зымыран қоры Иранмен бес айға созылған соғыс барысында айтарлықтай азайған. Әскери басшылық бұл жағдай елдің жаңа қақтығыстарға дайындығына әсер етуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, АҚШ соғысқа THAAD зымыранға қарсы кешендерінің тосқауылдаушы зымырандарының шамамен 80 пайызын және Patriot жүйесіне арналған зымырандардың жартысына жуығын пайдаланып қойған. Әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарының қоры қатты қысқарған.
CNN дереккөздерінің айтуынша, оқ-дәрі тапшылығы мәселесі өткен демалыста президент Дональд Трамптың Иранға жаңа соққылар жасаудан бас тарту туралы шешімі қарсаңында тағы да талқыланған. Әскери басшылық соңғы апталарда кемінде екінші рет президентке қару-жарақ қорының тез азайып бара жатқанын ескерткен.
Reuters агенттігінің өз дереккөздеріне сүйенген мәліметіне сәйкес, АҚШ әскері ұзақ қашықтыққа арналған жоғары дәлдіктегі ATACMS және Precision Strike Missile (PrSM) зымырандарының да «іс жүзінде барлық» қорын пайдаланған. Агенттік сұхбаттасушыларының бірі бұл зымырандар Иранға соққы жасау кезінде белсенді қолданылғанын, өйткені олар пилот басқаратын авиацияны тартуды қажет ететін қауіптірек операциялардан бас тартуға мүмкіндік бергенін айтқан.
Сондай-ақ Reuters агенттігінің бір дереккөзі соғыс басталғалы бері АҚШ әлемдік Tomahawk қанатты зымырандары қорының шамамен жартысын жұмсағанын мәлімген.
Reuters сауалына жауап ретінде Ақ үй Дональд Трамптың мәлімдемесін таратты. Онда АҚШ-та «әлемдегі кез келген елден әлдеқайда көп оқ-дәрі қоры бар» екені айтылған. Сондай-ақ америкалық қорғаныс кәсіпорындары қару-жарақты рекордтық қарқынмен өндіріп, өндірістік қуаттарын кеңейтіп жатқаны хабарланды.
Пентагон да армияның жауынгерлік дайындығына қатысты алаңдаушылықтарды жоққа шығарды. Ведомство өкілі Шон Парнелл CNN мен Reuters агенттіктеріне АҚШ қарулы күштерінде президент жүктейтін кез келген міндетті орындауға қажетті барлық құрал бар екенін және қару-жарақ қорының әлі де едәуір көлемде сақталғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Bloomberg Пентагонның Конгреске тосқауылдаушы зымыран қорын толықтыру үшін 18,2 миллиард доллар бөлу жөнінде сұраныс жолдағанын жазған болатын. Бұл қаражат бұған дейін ұсынылған 67 миллиард доллар көлеміндегі қосымша қаржыландыру пакетінің бір бөлігі саналады. Дереккөздердің мәліметінше, АҚШ әскери басшылығы елдегі оқ-дәрі қорының «қауіпті деңгейде азайып кеткеніне» алаңдаулы.
2 тамыз, жексенбі күні Дональд Трамп Иран мен Таяу Шығыстың басқа да елдері келісімнің негізгі параметрлері бойынша ортақ мәмілеге қол жеткізілгендіктен, Вашингтоннан жаңа соққылардан бас тартуды сұрағанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар ол АҚШ-тың Иранға қарсы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған ауқымдағы күш қолдануға толық дайын екенін атап өтті.
АҚШ пен Иран арасындағы соғыс 2026 жылдың ақпанында басталған. Маусым айында тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, бітім ұзаққа созылмай, бірнеше аптадан кейін әскери әрекеттер қайта жалғасқан болатын.
