Су саласына маман даярлайтын оқу орындарының саны артты

224
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0CJhQZIaLuqlWXMNGDvIhJvEex2BEEmkMnf10PD7.webp

Қазақстанда су шаруашылығы саласына қажетті кадрларды даярлайтын оқу орындарының саны көбейді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары саладағы кадрлық әлеуетті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

2023 жылы елімізде су шаруашылығы мамандарын даярлайтын 9 жоғары оқу орны мен 6 колледж жұмыс істеген. Қазір олардың саны 13 университет пен 10 арнаулы орта оқу орнына дейін өсті. Осылайша, су саласына маман даярлайтын оқу орындарының жалпы саны 15-тен 23-ке дейін артқан

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.

Сонымен қатар Астана технологиялық колледжі, Көксу политехникалық колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі және Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжінде студенттерге су шаруашылығы саласына қатысты мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігі берілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік су шаруашылығы мамандарын даярлайтын барлық оқу орнымен меморандум жасаған.

«Бұл оқу орындарында білім алатын студенттер «Қазсушар» РМК филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Биыл су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Қазіргі таңда су саласы бойынша мамандықтарда шамамен 2,7 мың адам білім алып жатыр», – деді министр.

Комментарии
Другие материалы