Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісі іске қосылмақ

476
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6HST1ZhrxTGVdSE79ZOkBgWPvhqFN1TEqUO5qKDQ.webp

Астанадағы Alem.ai алаңында мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірген Qazbot Robotics Forum өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Форум барысында Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісін іске қосу жобасы таныстырылған. Ол робототехника, жасанды интеллект және өнеркәсіптік өндіріс бағыттарын біріктіріп, елдегі инженерлік және технологиялық құзыреттерді дамытуға бағытталған.

«Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Бұл – мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап, технологиялық шешімдерді әзірлеу және оларды өнеркәсіпте қолдануға дейінгі толық цикл. Біз білім, ғылым және өндірісті ықпалдастырудың дәл осындай моделін кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бүгінде елімізде жаңа технологиялық бағытты дамытуға қажетті кадрлық база қалыптасып келеді. Қазақстандық жоғары оқу орындарында робототехника, мехатроника, өнеркәсіптік автоматтандыру, интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект салалары бойынша 56 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Форум аясында Саясат Нұрбек QAZBOT және AgiBot басшылығымен кездесіп, инженерлік кадрлар даярлау, бейінді зертханалар құру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және студенттер мен ғалымдарды гуманоид робототехника жобаларына тарту мәселелерін талқылаған.

Жобаны іске асыру Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллект саласындағы инженерлік және ғылыми әлеуетті дамытуға, сондай-ақ білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік бермек.

Комментарии
Другие материалы