Қазақстан–Қытай жасанды интеллект мектебі ашылуы мүмкін

286
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HySJi3L1eDMac0YQumjTLmQ1DqboT7X5zQij9YR5.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Астанада Қазақстан–Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, орта білім мен жоғары білім арасында сабақтастық болуы қажет.

«Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн. Осы орайда, 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды?»– деді ол бүгін Тамыз конференциясында.

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Жасанды интеллект университеті ашылатынын еске салып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін айтты.

 «Конституциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек.

 Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн»,– деп толықтырды президент.

Комментарии
Другие материалы