Қырғызстанда Қытайдың қолдауымен жаңа инженерлік институт ашылды

265
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TkmJISMSWfWYozVnapyGRxSgGQwgiGY2hceQIxoR.jpg

30 тамыз күні Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті жанынан Қырғыз-қытай озық инженерлер институты ашылды. Жаңа оқу орнын жабдықтауға Қытай тарапы шамамен 200 млн сом бөлген, деп хабарлайды "Адырна".

Институтта энергетика, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларға маман даярлайтын 15 заманауи зертхана жұмыс істейді. Жоба университет, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, студенттерге теориямен қатар практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Алғашқы магистрлік бағдарламалар жасыл энергетика, тау геологиясы және тау-кен өнеркәсібі бағыттары бойынша іске қосылды. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Студенттер бірінші жылы Қырғызстанда білім алып, кейін бір семестр Қытайдағы серіктес университетте оқиды. Одан соң кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді.

Институттағы зертханалар жеті компанияның қатысуымен жабдықталған. Кәсіпорындар оқу процесіне қатысып, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыруға және ғылыми зерттеулер жүргізуге атсалысады.

Қырғызстанның ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Гүлзат Исаматованың айтуынша, институт Қырғызстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың маңызды жобаларының бірі. Мұндағы зертханалар студенттерден бөлек, жас ғалымдар мен зерттеушілерге де қолжетімді болады.

Алдағы уақытта Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті тоннель құрылысы, көпір құрылысы және химиялық технология бағыттары бойынша жаңа магистрлік бағдарламаларды ашуды жоспарлап отыр.

Комментарии
Другие материалы