Актер, блогер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға сотталды. Бұл туралы оның экс-жұбайы Фариза Алмасқызының адвокаты айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді»,– деді Рустам Әбдірахманов.
Сот сондай-ақ оған бес жыл бойы әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған. Әңгіме барысында Instagram мен TikTok платформалары аталған. Бұдан бөлек, блогерден моральдық шығын өтемақысы ретінде 5 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылған.
Сот үкімі жарияланғаннан кейін Нұрсұлтан Жақсыген сот залында қамауға алынды.
Еске салайық, блогер Фариза Алмазқызымен ажырасқаннан кейін экс-жұбайын балағаттап, хабарламалар жіберген. Кейіннен Нұрсұлтан Жақсыгеннің үстінен бұрынғы әйеліне сталкинг жасағаны үшін іс қозғалғаны белгілі болды.
