Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте үш ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысы басталды

175
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wEdEUwqygwx1buFRLvmYfT0G4WZDPJ5SIXZBNAs3.jpg

Шымкентте әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы саласындағы бірден үш ірі жобаны іске асыру басталды. Қалада ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхана мен №2 қалалық көпбейінді аурухананың 80 төсек-орынға арналған қосымша корпусының құрылыс алаңдарында капсула салу рәсімі өтті.

Сонымен қатар ұзындығы 50 шақырым болатын айналма автомобиль жолының құрылысына старт берілді. Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Олар халық санының өсуіне байланысты инфрақұрылымға артқан қажеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Іс-шараларға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

«Shymkent City» шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхана салынады. Медициналық мекеме 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда ересектер және балалар бөлімдері, әйелдер консультациясы, отбасылық денсаулық орталығы, клиникалық-диагностикалық зертхана, КТ және МРТ кабинеттері, эндоскопия және рентгенодиагностика кабинеттері орналасады.

Сондай-ақ 20 орындық күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы және оңалту бөлімі қарастырылған. Жобалау кезінде балалар мен отбасыларға медициналық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Балалар бөлімшелері жеке лифттері мен күту аймақтары бар бір қабатқа орналастырылады. Бес жасқа дейінгі балаларға күтім жасау және патронаж қызметі ұйымдастырылып, жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі аналардың денсаулығына бақылау жүргізіледі.
Қалалық #2 көпбейінді аурухананың қосымша корпусы 80 төсек-орынға есептелген. Аурухана жыл сайын шамамен 20 мың науқасты қабылдап, нейрохирургия, кардиология, инсульттік көмек, реанимация және перинаталдық медицина бағыттары бойынша медициналық қызмет көрсетеді.

Жаңа ғимаратта нейрохирургия және кардиореанимация бағыттары дамытылып, инсульт, инфаркт және жедел коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейеді. Жаңа корпус қолданыстағы стационарлық және перзентхана корпустарымен жабық галерея арқылы жалғанып, бірыңғай медициналық кластер құрылады.

Сонымен қатар қалада ұзындығы 50 шақырым болатын айналма автомобиль жолының құрылысы басталды. Төрт жолақты магистраль Алматы–Термез автомобиль жолы арқылы Алматы бағытынан Шымкентке кіреберісті Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады.

Жаңа жол халықаралық және республикалық транзиттік көліктерді қаланың елді мекен аумағынан тыс бағыттауға арналған. Бұл көлік ағындарын қайта бөлуге, негізгі көшелердегі жүктемені азайтуға және қала ішіндегі жүк көліктерінің қозғалысын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба интеллектуалды көлік жүйелерін және қажетті инженерлік инфрақұрылымды қамтиды. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін оны күтіп-ұстауға шамамен 100 маман тартылады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің дамуы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын қатар кеңейтуді талап ететінін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкенттің жайлы өмір сүруіне және одан әрі дамуына қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Жаңа медициналық нысандар тұрғындарға медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтсе, айналма жол транзиттік көлікті қала аумағынан тыс бағыттап, жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, аталған жобаларды іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қалалық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуге және көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шымкенттің одан әрі дамуына қажетті жағдай қалыптастырады.

Комментарии
Другие материалы