фото: mogilew.by
Алматыда сумен жабдықтау және кәріз қызметтері үшін төленбеген берешек көлемі 550 млн теңгеден асып отыр. Бұл туралы «Алматы Су» кәсіпорны мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Кәсіпорын өкілдері коммуналдық төлемдерді уақытында төлемеу қосымша өсімпұлдың есептелуіне, су берудің шектелуіне және қарызды сот арқылы өндіріп алуға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Мәліметке сәйкес, берешектің шамамен 250 млн теңгесі көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға тиесілі. Ал жеке сектордағы үйлердің иелері 300 млн теңгеден астам қарыз жинаған.
«Алматы Су» тұтынушыларға су мен кәріз қызметтері үшін төлемді әр айдың 25-іне дейін жүргізу қажеттігін еске салды. Егер төлем белгіленген мерзімде жасалмаса, 26-сынан бастап өсімпұл есептеле бастайды.
Берешек ұзақ уақыт өтелмеген жағдайда, кәсіпорын қолданыстағы тәртіпке сәйкес су беруді уақытша шектеуге немесе тоқтатуға, сондай-ақ қарызды сот тәртібімен өндіріп алуға құқылы. Мұндай жағдайда тұтынушы негізгі берешектен бөлек, есептелген өсімпұл мен сот шығындарын да төлеуі мүмкін.
Сонымен қатар су беруді шектеу немесе тоқтату шаралары қолданылғанға дейін тұтынушыға кемінде үш күн бұрын ескерту жасалуы тиіс.
«Алматы Су» мамандары тұрғындарға коммуналдық қызметтер бойынша түбіртектерді тұрақты тексеріп, төлемдерді белгіленген мерзімде өтеуге кеңес береді. Бұл қарыздың жиналуына және қосымша шығындардың туындауына жол бермеуге көмектеседі.
Ал төленбеген берешегі бар азаматтарға қарыз сомасын нақтылап, төлемді мүмкіндігінше кешіктірмей жасау ұсынылады.
