Бакуге Әзербайжан ұшағымен жеткен Израиль президенті назар аудартты

346
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/juO8ewisiPVQRM2sU2rDCf9g8hy5FIj5C1drUboZ.webp

Фото: Report

Түркия билігі Израиль президенті Ицхак Герцогтың Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитіне AZAL әуе компаниясының тұрақты коммерциялық рейсімен ұшып барғанынан хабарсыз болған. Себебі халықаралық авиация ережелерінде транзиттік елдерге ұшақ жолаушылары туралы мәлімет беру қарастырылмаған, деп хабарлайды “Адырна”.

Report агенттігінің хабарлауынша, бұл турал түріктің Haber Global телеарнасының арнайы сюжетінде айтылған.

Түркияның ресми өкілдері телеарнаға Израиль президентінің азаматтық әуе кемесінің бортында болғаны туралы хабардар етілмегенін растаған.

Сюжетте тұрақты халықаралық рейстер кезінде транзиттік мемлекеттердің диспетчерлік қызметтеріне ұшу жоспары, әуе кемесінің түрі, бағыты және негізгі техникалық деректері берілетіні айтылған. Алайда жолаушылардың жеке басы мен олардың арасында жоғары лауазымды тұлғалардың бар-жоғы туралы ақпарат ұсынылмайды.

«Бұл талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) ережелері мен халықаралық аэронавигацияның стандартты рәсімдерінде бекітілген», – деп атап өтті телеарна.

Haber Global мәліметінше, Түркияда қолданыстағы тыйым Израильге тиесілі үкіметтік және мемлекеттік әуе кемелеріне, соның ішінде «Сион қанаты» деп аталатын ресми ұшаққа қатысты.

Ал AZAL ұшақтары тұрақты коммерциялық рейстер орындайтындықтан, бортында Израиль президенті болған әуе кемесі жоғары лауазымды тұлғаны транзитпен өткізу үшін арнайы рұқсат алмай-ақ Түркияның әуе кеңістігін пайдаланған.

Айта кетейік, АӨСШК саммиті Бакуде өтіп, оған мүше 29 елді қоса алғанда, 50-ден астам делегация қатысты. Олардың қатарында бақылаушы мемлекеттер, серіктестер және халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.

Саммит жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Лаос, Израиль, Камбоджа және басқа да елдердің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ Түркия, Ресей, Қытай және өзге мемлекеттердің сыртқы істер министрлері қатысты.

Еске салсақ, 11 қазанда Астанаға Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда Air Astana ұшағымен, әдеттегі рейспен келген болатын.

Комментарии
Другие материалы