Фото: Reuters
Парижде оқушылардың ірі шеруі қарсаңында бірнеше рұқсат етілмеген наразылық акциясы өтіп, олардың бірі полициямен қақтығысқа ұласқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлтық порталы ТАСС-қа сілтеп.
БАҚ дерегінше, құқық қорғау органдары наразылық білдірушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған.
Сенбі күні Парижде жоғары сынып оқушылары мен студенттердің жаппай шеруі жоспарланған. Оған оқушылар мен студенттерден бөлек, белсенділер, «сары кеудешелілер» қозғалысының жақтастары, такси жүргізушілері, медбикелер, құрылысшылар және кәсіподақ өкілдері қатысады деп күтілген. Шеру Республика алаңынан Клиши алаңына дейін өтуі тиіс болған.
Ал Бастилия алаңы маңында жоспарланған басқа акцияны қалалық полиция тоқтатқан.
Негізгі шеру басталғанға дейін қалада билікпен келісілмеген бірнеше наразылық акциясы тіркелген. Соның бірі Үлкен желек ауданында болған. Жиналғандар «Францияға бостандық!» және «Макрон отставкаға кетсін!» деп ұрандатқан.
Кейін жастар мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс басталған. Наразылық білдірушілер желекке орнатылған металл қоршаулар мен қоқыс жәшіктерін аударып, құқық қорғау органдарының қозғалысына кедергі келтірген.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Парижде негізгі екі шеру басталғанға дейін полиция 40 адамды ұстаған. Олардың көпшілігіне қару және тыйым салынған қорғаныс құралдарын алып жүрді деген күдік келтірілген.
Бұдан бөлек, таңертең бір топ адам CNEWS телеарнасы мен Europe 1 радиосының редакциялары орналасқан ғимараттың кіреберісін бөгеп, бірнеше терезені таспен сындырған. Полиция араласқаннан кейін осы оқиғаға қатысы бар деген тағы 21 адам ұсталған.
