Алматы облысында балалар арасындағы жанжалдан кейін кәмелетке толмаған қызға күш қолданған әйел сотталды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, үш ай бойы қызды іздеуге, қудалауға және байланысуға тыйым салды.
Еңбекшіқазақ аудандық сотының мәліметінше, алдымен кәмелетке толмаған қыз бен сотталушының ұлы арасында жанжал болған. Кейін оған әйел араласып, қызға күш қолданған.
Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің арқасынан сырылған жарақаттарды анықтады. Әйел кінәсін толық мойындамағанымен, сот дәлелдерді зерделеп, оның әрекетін кәмелетке толмаған адамды ұрып-соғу деп таныды.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін жазаның орындалуын аудандық пробация қызметі бақылайды.
