Ақмола облысында халықаралық «Қансонар-2026» турнирінің алғашқы кезеңдері аяқталды

176
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8gWaSylhfmacfOwoqep7rTBYcT8FAdjd2QrNGjd1.jpg

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі жалғасуда.

Бүгін жарыстың бүркіттер арасындағы екі кезеңі өтіп, қатысушылар қыран баптаудағы шеберліктерін көрсетті. Турнирдің қорытынды нәтижелері ертең жарияланады.

Халықаралық додаға Қазақстанның тоғыз өңірінен, сондай-ақ Түркия, Моңғолия және Ресейден келген құсбегілер қатысуда. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа 50 қатысушы тіркелген. Сайысқа 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға әкелінген. Бүгін бүркіттер арасындағы «Қолға шақыру» және «Түлкіге салу» кезеңдері өтті. Ертең ителгі мен қаршыға бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Халықаралық дәрежедегі төреші Марат Қойшиннің айтуынша, биылғы турнирге тәжірибелі құсбегілермен қатар, Азия және әлем чемпиондары, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысып жатыр. Оның сөзінше, жарыстың халықаралық ауқымы ұлттық құсбегілік өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Турнирге қатысушылардың қатарында Алматы қаласынан келген Арман Құшқаров та бар. Ол құсбегілік өнерді бала кезінен әкесіне қарап үйренген. Қазір жарысқа Медеу атты бүркітімен қатысып отыр. Бұл қыран Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болған.

«Құсбегі үшін ең маңыздысы – қыранның мінезін түсіну. Әр бүркіттің өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан олардың бәріне бірдей тәсіл қолдануға болмайды. Құстың мінезіне қарай баптау әдістерін де өзгерту қажет», – дейді Арман Құшқаров.

Ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген құсбегі Нұрғайып Ыдырысұлының тарихы да дәлелдейді. Ол құсбегілікпен 46 жылдан бері айналысады және «Қансонар» турниріне төртінші рет қатысып отыр. Айтуынша, оның жеті атасы да бүркітші болған. Сондай-ақ ол құсбегілік өнерімен танылған Қыз Айшолпанның әкесі.

Нұрғайып Ыдырысұлы Моңғолияда ұядан алған екі жасар бүркітін алып келген. Ол Қазақстан халқына сәлем жолдап, барлық құсбегіге сәттілік тіледі.

Турнирдің тағы бір қатысушысы – Түркиядан келген Мутлу. Ол Қазақстанға алтыншы рет келіп отыр және жарысқа ителгімен қатысады. Құсбегінің айтуынша, бұл сапардың маңызы тек жарыспен шектелмейді.

«Мен Қазақстанды өте жақсы көремін. Қазақ достарыммен бірге болу мен үшін жарысқа қатысудан да маңызды», – дейді Мутлу.

Ол құсбегілік өнерді түркі халықтарына ортақ көне дәстүр ретінде атап өтті. Оның пікірінше, саятшылық өнері қазақтар мен қырғыздар арасында ғана емес, Түркиядағы түркі қауымдастықтары арасында да сақталған мәдени мұраның бір бөлігі.

Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі саятшылық өнерін дамыту және оны жас ұрпаққа таныту мақсатында ұйымдастырылған. Жарыс 22 қазанға дейін жалғасады. Ертең турнирдің келесі кезеңдері өтіп, қорытынды нәтижелері жарияланады.

Комментарии
Другие материалы