Құрылтай депутаттары зейнеткердің жалғыз баспанасын сақтап қалды

256
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vCGcvLhTPNCQf8T4WeIY3uxC8SvAxbhGopqQEgqK.jpg

Астанада зейнеткер мен оның ұлы сегіз жылдан бері өздеріне тиесілі пәтерді сақтап қалу үшін күресіп келген, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Отбасыны баспанасынан мәжбүрлеп шығару әрекеті Құрылтай депутаттары Илья Теренченко мен Снежанна Имашеваның араласуынан кейін тоқтатылды.

Айдос Балтаев осыдан сегіз жыл бұрын кәсібін дамыту үшін инвестор іздеген. Нәтижесінде тараптар өзара келісімге келгенімен, инвестор 10 миллион теңге көлеміндегі қаражатты беруден бас тартқан. Соған қарамастан, келісімшартта ақшаның кәсіпкерге берілгені көрсетілген. Кейін инвестор пәтерді босату туралы талаппен сотқа жүгінген.

Отбасының айтуынша, бұдан кейін жеке сот орындаушылары пәтерді нарықтық бағасынан үш есе төмен бағалап, электронды саудаға шығарған. Олар аукционның өту заңдылығына да күмән келтіреді. Себебі саудаға бір ғана сатып алушы қатысқан.

Айдос Балтаевтың сөзінше, отбасыны баспанасынан мәжбүрлеп шығару әрекеттері де болған. Тіпті есікті бұзуға әрекет жасалған. Ал пәтерде оның зейнет жасындағы анасы тұрады.

Отбасы мүшелері жеке сот орындаушысының әрекетіне қатысты шағымданып, E-Otinish платформасы арқылы Құрылтай депутаттары Илья Теренченко мен Снежанна Имашеваға жүгінген.

Депутаттар өтінішті қарап, жағдайды зерделеуге кіріскен. Нәтижесінде зейнеткерді баспанасынан мәжбүрлеп шығару әрекетін тоқтатылған. Бұл отбасына жылыту маусымы аяқталғанға дейін пәтерде тұрып, меншік құқығына қатысты дауды сот тәртібімен шешуге қосымша мүмкіндік берді.

Илья Теренченконың айтуынша, мұндай жағдайда азаматтардың, әсіресе әлеуметтік осал топтағы адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау маңызды.

Отбасы мүшелері депутаттарға көрсеткен көмегі мен мәселені жедел қарастырғаны үшін алғыс білдірді. Зейнеткер Ханзада Балтаеваның сөзінше, депутаттар оған құқықтарын түсіндіріп қана қоймай, меншік құқығын қорғау үшін қандай қадамдар жасау керегін де көрсеткен.

Қазір отбасының басты мақсаты – жылжымайтын мүлікке қатысты дауды заң аясында шешіп, баспанасының өздеріне тиесілі екенін сотта дәлелдеу. Ал депутаттар азаматтардың өтініштерін қарау және олардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Комментарии
Другие материалы