Мектеп оқушысына пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім сотталды

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Атырауда мектепте 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сот оның қылмысқа алдын ала дайындалғанын және жәбірленушімен бұған дейін таныс болмағанын анықтады. 

Оқиға 13 наурызда болған. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Үкімді судья Зарема Хамидуллина жариялады.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға болған күні жасөспірім соңғы сабақтан кейін сағат 12:30 шамасында мектептен кеткен. Кейін үйіне оралып, сағат 16:56-да қайтадан оқу орнына келген. Ол күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ғимаратқа кірген. Бұл кезде оның сөмкесі тексерілмеген.

Мектеп дәлізінде үш қыз бен бір ұлды көрген жасөспірім оқушылардың біріне шабуыл жасап, пышақпен бес рет соққы жасаған.

13 жастағы қыз шұғыл түрде Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Алғашында дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған. Кейін жағдайы тұрақталып, жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылған.

Сот отырысында жасөспірім мен жәбірленушінің бұрын таныс болмағаны және арасында жеке жанжал болмағаны анықталды. Айыптау тарапы дәлел ретінде оның дәптеріндегі жазбалар мен мектептің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды ұсынған. Дәптерде өз ата-анасын өлтіру туралы ойлар да болған.

Сот анықтағандай, бұған дейін жасөспірім мектеп психологына жүгініп, сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын айтқан. Алайда оған қатысты ұрып-соғу немесе өзге де физикалық зорлық-зомбылық фактілері расталмаған.

Сондай-ақ сот процесінде оның терроризм сипатындағы тыйым салынған материалдарға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық бейнеленген контентке қызығушылық танытқаны айтылды.

Айыпталушы дәптердегі кейбір жазбаларды өзі жазғанын жоққа шығарып, шабуыл кезінде есінен адасқанын алға тартқан. Алайда сот-психиатриялық сараптама оны ақыл-есі дұрыс деп таныды. Мамандар қылмыс кезінде оның қатты эмоциялық күйзеліс жағдайында болмағанын, өз әрекеттерінің мәнін түсініп, оларды басқара алғанын анықтады.

Сот жасөспірімнің әрекетін Қылмыстық кодекстің 29-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 3-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу деп саралады.

Оған кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу шартымен 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда өткізген әрбір күні жаза мерзімінің бір жарым күні ретінде есептеледі.

Сот шешіміне 15 тәулік ішінде шағым түсіруге болады.

Комментарии
Другие материалы