Интернетті не иектеп жүр? «Сандық апокалипсис» сыбысының астары

245
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MLmgjekQYYDH6Pvxwm4lygXjir9KEdZLbnkqDrh8.jpg

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "2026 жылғы 17 қарашада әлемде бұрын-соңды болмаған ауқымды кибершабуыл болады" деген ақпарат кеңінен таралып жатыр. Бірақ оның негізі бар ма? Қауіп неден, неге дайын болу керек?

Жазба авторлары банк шоттарындағы қаражат нөлге айналып, бүкіл әлемде интернет үш айға дейін істемей қалуы мүмкін екенін айтады. Тіпті бұл жағдайды «COVID 2.0» деп атап, халықты азық-түлік, ауызсу және қолма-қол ақша жинауға шақырған.

Алайда мұндай үрейлі болжамның артында қандай дәлел бар? Әлемдік интернетті бір сәтте өшіру техникалық тұрғыдан мүмкін бе? Банктегі ақшаның жоғалып кету қаупі қаншалықты шынайы? Қазақстанда бұл ақпаратқа қатысты қандай түсініктеме берілді? Осы сұрақтарға сараптамалық тұрғыдан жауап іздеп көрдік.

ҮРЕЙЛІ БОЛЖАМ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

«Цифрлық апокалипсис» туралы әңгіменің таралуына X әлеуметтік желісіндегі Wesley есімді қолданушының жазбасы себеп болған. Ол Бразилиядан шыққан бағдарламалық жасақтама әзірлеушісі болуы мүмкін деген болжам бар. Автордың айтуынша, 2026 жылғы 17 қарашада әлемдік қаржы жүйесі мен интернет инфрақұрылымына бағытталған ауқымды хакерлік шабуыл жасалуы ықтимал.

Оның сценарийі бойынша, алдымен мыңдаған банктік шоттағы ақша қалдығы нөл болып көрінеді. Кейін қаржы ұйымдары клиенттердің қаражаты туралы ақпаратты қалпына келтіре алмайтын жағдайға жетеді. Бұдан соң әлем бойынша интернет байланысы үш айға дейін тоқтайды-мыс. Осы кезеңде аса қуатты жасанды интеллект іске қосылып, цифрлық жүйелердегі барлық осал тұсты жояды деген болжам да айтылған.

Бірақ бұл мәлімдемелердің ешқайсысы нақты техникалық деректермен, ресми құжаттармен немесе тәуелсіз сарапшылардың қорытындысымен расталмаған.

Жазба авторы ақпаратты даркнеттен алғанын мәлімдегенімен, дереккөзін ашып көрсетпеген. Болжамды шабуылды кім ұйымдастыратыны, қандай жүйелерге қауіп төнетіні және шабуылдың техникалық механизмі туралы да нақты мәлімет жоқ.

Осылайша, бастапқыда белгісіз қолданушының әлеуметтік желідегі жазбасы болған ақпарат кейін кейбір Telegram-арналарда нақты болатын оқиға ретінде ұсыныла бастаған.

ӘЛЕМДІК ИНТЕРНЕТТІ ҮШ АЙҒА ӨШІРУ МҮМКІН БЕ?

Бұл сұраққа жауап беру үшін интернеттің қалай жұмыс істейтінін түсіну маңызды. Көпшілік интернетті бір орталықтан басқарылатын бірыңғай жүйе ретінде елестетуі мүмкін. Алайда шын мәнінде ол – бір-бірімен байланысқан мыңдаған дербес желілерден тұратын күрделі инфрақұрылым. Интернеттің бүкіл әлемге ортақ бір ғана басқару орталығы немесе оны бір батырмамен өшіретін тетігі жоқ. Әр мемлекетте, байланыс операторында, деректер орталығында және ірі технологиялық компанияларда өз инфрақұрылымы бар. Олардың жұмысы бір-бірімен байланысты болғанымен, барлығы бір ғана жүйеге тәуелді емес.

Әрине, интернеттің жұмысына үлкен қауіп төндіретін жағдайлар бар. Мысалы:

* халықаралық суасты кабельдерінің зақымдануы;

* ірі деректер орталықтарына жасалған кибершабуылдар;

* электр энергиясының ұзақ уақытқа үзілуі;

* телекоммуникациялық инфрақұрылымдағы ауқымды ақаулар;

* белгілі бір елдерде интернетке мемлекеттік шектеулер енгізілуі.

Мұндай жағдайлар жекелеген мемлекеттерде немесе аймақтарда байланыстың үзілуіне әкелуі мүмкін.

Дегенмен бір елдегі интернеттің өшуі мен бүкіл әлемдік желінің толық тоқтауы – екі бөлек құбылыс.

Сондықтан интернеттің бүкіл планетада бір мезгілде үш айға өшіп қалуы туралы болжамның техникалық негізі жоқ деуге болады. Мұндай сценарийдің жүзеге асуы үшін әлемнің көптеген тәуелсіз байланыс жүйелері бір уақытта істен шығуы қажет.

БАНКТЕГІ АҚША ШЫНЫМЕН ЖОҒАЛЫП КЕТУІ МҮМКІН БЕ?

Әлеуметтік желілердегі жазбалардың тағы бір алаңдатарлық тұсы – банктік шоттардағы қаражаттың жойылуы туралы мәлімдеме. Алайда мұнда екі ұғымды ажыратып алу қажет: банктік жүйенің техникалық ақауы және клиент қаражаты туралы мәліметтердің толық жойылуы. Мәселен, банк қосымшасы ашылмай қалса немесе шоттағы ақша қалдығы қате көрсетілсе, бұл қаражаттың жоғалғанын білдірмейді.

Банктер клиенттердің қаржылық операцияларын бірнеше деңгейде тіркейді. Олардың ішінде деректер базасы, резервтік көшірмелер, транзакциялар тарихы және ақпаратты қалпына келтіру жүйелері бар. Сондықтан мобильді қосымшадағы ақау салдарынан нөлдік баланс көрінуі мүмкін болғанымен, бұл – салымшының шотындағы ақша шынымен жойылды деген сөз емес.

Әрине, кибершабуылдар банк жүйелеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін. Олар төлемдердің уақытша тоқтауына, ақпараттық жүйелердің істен шығуына немесе кейбір деректерге қолжетімділіктің шектелуіне әкелуі ықтимал.

Бірақ әлемдегі барлық банктің клиенттері туралы ақпаратты бір мезетте және қайтарымсыз жою – мүлде басқа деңгейдегі күрделі сценарий.

Қазіргі уақытта 17 қарашада дәл осындай шабуыл жасалатынын растайтын сенімді ақпарат жоқ.

«COVID 2.0» ДЕГЕН НЕ? ЖИ ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРА МА?

Желіде тараған болжамның ең түсініксіз тұстарының бірі – «COVID 2.0» атауы. Бастапқы жазбада бұл терминнің нақты мағынасы түсіндірілмеген. Оның компьютерлік вирусқа, цифрлық дағдарысқа немесе коронавирус пандемиясымен салыстыруға қатысты айтылғаны белгісіз.

Мұндай атаулар көбіне ақпараттың эмоционалдық әсерін күшейту үшін қолданылады. Өйткені COVID-19 пандемиясы кезінде әлем халқы денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысты, шектеулерді және экономикалық қиындықтарды бастан өткерді.

Ал жасанды интеллект үш айдың ішінде бүкіл әлемдік цифрлық инфрақұрылымның осал тұстарын жояды деген пікір де күмән тудырады.

Бүгінде жасанды интеллект киберқауіпсіздік саласында кеңінен қолданылып келеді. Ол күмәнді әрекеттерді анықтауға, бағдарламалық жасақтамадағы осалдықтарды табуға және ықтимал шабуылдарды болжауға көмектеседі.

Бірақ жасанды интеллект барлық цифрлық жүйені толық қауіпсіз ете алмайды. Себебі технологиялар үнемі өзгеріп, жаңа бағдарламалар мен құрылғылар пайда болған сайын жаңа осалдықтар да туындайды.

Оның үстіне жүйелерді жаңарту, қауіпсіздік шараларын енгізу және мамандардың жұмысын үйлестіру үшін тұрақты байланыс инфрақұрылымы қажет. Демек, интернетті әдейі өшіріп, үш ай ішінде жасанды интеллект арқылы қайта қалпына келтіру туралы идеяның нақты техникалық негіздемесі жоқ.

НЕЛІКТЕН ДӘЛ 17 ҚАРАША?

Бұл датаға қатысты тағы бір қызықты жайт бар. 2026 жылғы 17 қарашада АҚШ-та халықты төтенше жағдайлар туралы хабардар ету жүйесін жоспарлы түрде сынақтан өткізу көзделген. Әңгіме Emergency Alert System (EAS) жүйесі туралы болып отыр. Оны АҚШ-тың Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) ұйымдастырады. Жоспар бойынша, тестілеу АҚШ-тың шығыс уақытымен шамамен сағат 14:20-да басталуы тиіс. Сынақ кезінде арнайы хабарламалар радио және телеарналар арқылы таратылады. Ал ұялы телефондарға хабарлама жіберу қарастырылмаған.

Маңыздысы – бұл жоспарлы тестілеу туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі үрейлі болжамдардан әлдеқайда бұрын, қыркүйек айында жарияланған. Сондықтан екі оқиғаның бір күнге сәйкес келуі олардың арасында қандай да бір байланыс бар екенін білдірмейді.

Жоспарлы ескерту жүйесін тексеру мен бүкіл әлемге төнетін кибершабуыл туралы мәлімдемені бір оқиға ретінде көрсетуге негіз жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДА НЕ АЙТЫЛДЫ?

Интернеттің өшуі және азық-түлік тапшылығы туралы қауесеттер Қазақстанда да тарала бастады. Осыған байланысты елдің Төтенше жағдайлар министрлігі берген түсініктемеде халықты шұғыл түрде азық-түлік, су және дәрі-дәрмек жинауға міндеттейтін немесе соған негіз болатын ресми ескерту таратылмағаны айтылған. Ведомство азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласуға болады. Ал елдегі қауіпсіздік жағдайы мен ықтимал төтенше оқиғалар туралы ақпаратты ТЖМ-нің және басқа да мемлекеттік органдардың ресми ресурстарынан бақылаған жөн. Яғни, Қазақстанда 17 қарашада интернет үш айға өшеді немесе азаматтар шұғыл түрде қолма-қол ақша жинауы керек деген ресми ескерту жоқ.

ТЖМ НЕГЕ 72 САҒАТТЫҚ ҚОР ДАЙЫНДАУДЫ ҰСЫНАДЫ?

Бұл жерде бір маңызды жайтты ескеру керек. Мамандардың үйде белгілі бір мөлшерде азық-түлік пен қажетті заттардың қорын ұстауға қатысты кеңесі бар. Бірақ оның әлеуметтік желіде тараған «цифрлық апокалипсиске» ешқандай қатысы жоқ. Төтенше жағдайлар кезінде, әсіресе жер сілкінісі, су тасқыны немесе басқа да табиғи апаттар болғанда, әр отбасының кемінде 72 сағатқа жететін қажетті заттары болғаны дұрыс. Үш тәулікке арналған төтенше жағдай қорына мыналарды енгізуге болады:

* Ауызсу: бір адамға тәулігіне шамамен 3 литрден есептегенде, үш күнге кемінде 9 литр су;

* Ұзақ сақталатын азық-түлік: консервілер, жарма, кепкен нан және басқа да дайын өнімдер;

* Дәрі-дәрмек: алғашқы медициналық көмек қобдишасы және күнделікті қабылдайтын дәрілер;

* Құжаттар: жеке куәлік, маңызды құжаттардың көшірмелері;

* Қолма-қол ақша: төлем терминалдары мен банктік қосымшалар істемей қалған жағдайда қажет болуы мүмкін;

* Байланыс құралдары: қуаттағыш, қосымша аккумулятор (power bank), фонарь;

* Жылы киім: ауа райына сәйкес қажетті киім-кешек пен басқа да тұрмыстық заттар.

Мұндай дайындық – төтенше жағдайларға жауапкершілікпен қараудың қарапайым үлгісі. Оны интернеттің өшетіні туралы қауесетпен байланыстыру дұрыс емес.

ҚОРҚЫНЫШТЫ АҚПАРАТТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУ КЕРЕК?

Киберқауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымға қатысты қауіптерді жоққа шығаруға болмайды. Әлемде күн сайын түрлі хакерлік шабуылдар, деректердің таралуы және техникалық ақаулар тіркеледі. Алайда бұл нақты қауіптің болуы кез келген үрейлі болжамға сене беру керек дегенді білдірмейді. Әсіресе, белгілі бір күнді атап, жаһандық апат болады деп мәлімдейтін ақпаратқа сақтықпен қараған жөн.

Мұндай хабарламаларды бағалау кезінде бірнеше нәрсеге назар аудару қажет:

1. Ақпараттың бастапқы дереккөзі көрсетілген бе?

2. Ресми мемлекеттік органдар немесе халықаралық ұйымдар бұл мәліметті растады ма?

3. Тәуелсіз сарапшылардың техникалық қорытындысы бар ма?

4. Ақпарат нақты деректерге негізделген бе, әлде белгісіз адамның болжамы ғана ма?

5. Жазба адамдарды үрейлендіріп, шұғыл әрекет жасауға итермелей ме?

Соңғы белгіге ерекше назар аудару керек. Өйткені алаяқтар да осындай үрейлі ақпаратты пайдаланып, азаматтарға «ақшаңызды қауіпсіз жерге аударыңыз», «қаражатыңызды сақтап береміз» немесе «арнайы қорғаныс қызметін ұсынамыз» деген жалған ұсыныстар жасауы мүмкін.

Сондықтан белгісіз адамдарға банк деректерін беруге, күмәнді сілтемелерге өтуге және қорқыныштың әсерімен қаржылық шешім қабылдауға болмайды.

ҚОРЫТЫНДЫ: ИНТЕРНЕТ ӨШЕДІ ДЕУГЕ НЕГІЗ ЖОҚ

Қазіргі уақытта 2026 жылғы 17 қарашада әлемдік интернет үш айға тоқтайды, банктердегі қаражат жойылады немесе «COVID 2.0» басталады деген болжамды растайтын сенімді дәлел жоқ. Бұл ақпарат әзірге әлеуметтік желідегі белгісіз қолданушының тексерілмеген мәлімдемесіне негізделген.

Әлемдік интернеттің толық өшуі техникалық тұрғыдан аса күрделі сценарий болғандықтан, оны нақты болатын оқиға ретінде көрсетуге негіз жоқ. Сол сияқты барлық банктің клиенттер қаражаты туралы деректерін бір мезетте жойып жіберу туралы мәлімдеме де дәлелденбеген.

Ал Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан халықты осы күнге байланысты жаппай дайындыққа шақырған ресми ескерту жоқ. Сондықтан 17 қарашаға қатысты дүрбелеңге беріліп, азық-түлік пен қолма-қол ақшаны жаппай жинаудың қажеті жоқ. Дегенмен әр отбасының төтенше жағдайларға арналған үш күндік қоры болғаны артық етпейді. 

Ең бастысы – қорқынышты хабарламаны шынайы қауіппен шатастырмау. 

Ақпараттық заманда жалған мәліметтің жылдам таралуы да қоғам үшін үлкен сынақ. Мұндай жағдайда дүрбелеңнен гөрі дерекке, эмоциядан гөрі сараптамалық пікірге сүйенген әлдеқайда дұрыс.

Гүлбаршын Нұрхан

"Адырна"

 

Комментарии
Другие материалы