Абу-Дабидегі Украина, Ресей және АҚШ келіссөздері аяқталды. Тараптар неге келісті?

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/rMIvTfx4fuZsr2MyBMs5rJ7fMDYSePmc1qal0qxr.jpg

Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздер аяқталды. Бұл туралы 11 қарашада ТАСС жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Келіссөздердің аяқталғанын AFP агенттігі Украина делегациясындағы дереккөзге, ал Reuters аты-жөні аталмаған дереккөзге сілтеме жасап растады.

ТАСС-тың жазуынша, Киев пен Мәскеу әскери тұтқындарды ауқымды түрде алмасуға келіскен. Кездесу 2 сағатқа жепей аяқталүан. Ал AFP мәліметінше, АҚШ-тың арағайындығымен өтіп жатқан келіссөздер барысында Украина Ресейден әскери қимылдарды тоқтатуды талап еткен. Украина делегациясындағы дереккөздің айтуынша, тек осыдан кейін ғана Еуропадағы болашақ қауіпсіздік жүйесін талқылауға болады.

Бүгін Абу-Дабиде АҚШ-тың арағайындығымен Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші күні басталған еді. Кездесу Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізуге бағытталған.

«Алдымен АҚШ пен Ресейдің қатысуымен үшжақты форматта кездесу өткіземіз. Одан кейін Еуропадағы серіктестерімізбен жеке кездесеміз», – деді Украина делегациясының басшысы, Украинаның Сыртқы барлау қызметінің жетекшісі Рүстем Умеров.

Абу-Дабидегі келіссөздердің қайта жалғасқаны туралы Ресей БАҚ-тары да хабарлады. Үшжақты кездесудің екінші күнінде энергетика мәселелері, Қара теңіздегі қауіпсіздік және жоғары деңгейдегі ықтимал кездесу талқыланатыны айтылған.

Ал AFP агенттігі Украинаның жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасап, Киев соғыс аяқталғаннан кейін кемінде 10 жыл бойы 800 мың әскери қызметкерден тұратын армияны ұстауға қаржы бөлуді көздеп отырғанын жазды. Украина мұны Ресей тарапынан болуы мүмкін жаңа әскери агрессиядан қорғану үшін қажет деп санайды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өткен келіссөздердің алғашқы күнінде Киев пен Мәскеу өкілдері қауіпсіздік кепілдіктері мен әскери тұтқындарды «1000-ға 1000» немесе «1500-ге 1500» формуласы бойынша алмасу мәселелерін талқылаған.

Келіссөздерде аумақтық мәселе де көтерілген. Зеленскийдің айтуынша, бұл тақырыпты Ресей делегациясы қозғаған.

«Ресейліктер Донбасс аумағының жартысын басып алдық деп есептейді және соны алға тартады. Алайда ол аумақ, шын мәнінде, біздің бақылауымызда. Бұл туралы ресейлік делегация құрамындағы әскери офицерлер мен барлау өкілдері байыппен айтты», – деді ол.

Сондай-ақ Зеленский майдандағы жағдайға қатысты Украинаның бағасын америкалық тарап та растағанын атап өтті.

Financial Times басылымының мәліметінше, Еуропа шенеуніктері қырғи-қабақ соғыс кезеңінде қолданылған қақтығыстардың алдын алу тетіктерін қайта қалпына келтіру мәселесін талқылауға дайын. Олардың қатарында АҚШ пен КСРО-ға бір-бірінің әскери нысандарын бақылауға мүмкіндік берген Ашық аспан туралы шарт және зымырандардың жекелеген түрлерін орналастыруды шектейтін келісімдер бар.

Ал Axios басылымының хабарлауынша, Абу-Дабидегі келіссөздерден кейін Ақ үйдің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеу мен Киевке баруы мүмкін.

Комментарии
Другие материалы